Алматы облысында қыстың көзі қырауда 2 мыңнан астам отбасы жылу мен жарықсыз отыр. Бірнеше күн бұрын білдей бір кешендегі 21 тұрғын үйде ақау орын алған. Қазіргі таңда 10 шақты үйде әлі жөндеу жүріп жатыр. Бүгін әбден қиналған жұрт тура апат болған қазандықтың жанында шу шығарды.
Екі күннен бері жарық, жылу және ыстық сусыз отырған халық әбден ашынған. Суық үйде күнелтуге мәжбүр болған тұрғындар жөндеу жүріп жатқан қазандыққа өздері келді. Бұған дейін жөнді жауап бермеген коммуналдық мекеменің заңды өкілін тауып, ақаудың себебін сұрауға асықты.
«Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары дүкендегі майшам мен бөтелкедегі суды талап алып, тауысқандарын айтады. Ал оңтайлы сәтті пайдаланған саудагерлер қажетті тауарлардың бағасын екі есе қымбаттатып алған. Жағдай бұлай жалғаса берсе, жаппай ауруханадан бір-ақ шығамыз ба деп қорқады.
«Дүкенге жақындап қалсақ, машина кетіп бара жатыр. «Кірмей-ақ қойсаңдар болады. «Асыл арманнан» келе жатсыңдар ма? Дүкенде бәрібір майшам да, су да жоқ» деді. Менің екі айлық балам. Тіпті, қазір баламен шығып тұрмын. Үйге қарағанда, далада жылырақ. Үйіміз салқын», – дейді Айжамал УСМАНОВА.
«Мынау масқара ғой! Кішкене шөберем бар. Екіге енді толды. Үй суық. Жылу жоқ. Жарық та жоқ. Екінші тәулік болды. Бұл не деген бассыздық?! Азанда келіп қарадым. Бір кісі жұмыс істеп жатыр, оған 10 кісі қарап тұр», – дейді ашуға булыққан тағы бір тұрғын Қайрат МОЛДАБАЙҰЛЫ.
9 қабатты тұрғын үй кешенінде жарық жоқ болғандықтан, жеделсаты да уақытша жұмыс істемей қалған. Ал кіреберіс тас қараңғы. Пәтерлердің іші қара суықтан азынап тұр. Жұрттың бәрі үйіндегі газ пешін қосып қана амалдап отыр. Оны да жиі қосқан сайын тұншығамыз дейді.
«Жылынатын бір ғана тәсіл, яғни газ плитасын қосуға ғана қалды. Дегенмен, ол да жақсы нәрсе емес. Себебі, газдың исінен бәріміздің басымыз айналады. Балалардың денсаулығына да әсері жаман. Қайта терезе ашу керек болады. Жылындық деп те айта алмаймын. Газ қосамыз, терезені ашып ауа кіргіземіз, қайтадан газ қосамыз. Одан түк пайда жоқ», – дейді амалы құрыған келесі бір тұрғын Ольга ҚУАНЫШОВА.
Барлық ақауға жарықтың өшіп қалуы себеп болған. Өйткені, жарық пен ыстық су жүйесі бір-біріне байланысты дейді округ әкімі. Ал тоқ сымдары жер астына көмілгендіктен, оны жасауға уақыт кетеді деді.
«21 тұрғын үй бар болса, қазір 14-і қалыпты жағдайға келді. Жарық, жылу бар. Бірақ қалған 7 үйде ақаудың себептері анықталып, жөнделіп жатыр. Ақау жер астында орын алған. Сондықтан оларды жасауға уақыт керек», – деді Алматы облысы Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадірбек АТШАБАРОВ.
Іргелі аудандық округының әкімі «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі апат кешке дейін жөнделеді деп жұртты сендірді. Ал халықтың құрғақ уәдеге сенгісі жоқ. Өйткені, ақауды ретке келтіруге кештетіп жеткен бригаданың қолында қажетті құрал-жабдықтары болмады дейді.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы