Ауыл мектептері интернетпен және озық технологиялармен қамтамасыз етілмек

Ауыл мектептері интернетпен және озық технологиялармен қамтамасыз етілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банктен қарыз алып, жүзеге асырмақшы болған жобаны ресми түрде іске қосты. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Эльвира Суханбердиева мәлімдеді. Ол кейбір ауылдық елдімекендердің білім ошақтарында интернеттің жоқ екені жасырын емес деді. Ал мұғалімдер тапшылығы бөлек мәселе. Сондықтан да жалпы құны 75 миллион АҚШ доллары болатын бірегей жоба дәл осы қала мен ауыл мектептеріндегі алшақтықты қысқартуға бағытталмақ.  

«Орта білімді жаңғырту» жобасының діттейтіні – қала мен ауыл мектептерінің білім деңгейін теңестіру. Жобаның жалпы құны – 75 млн АҚШ долларын құрайды. Соның 67 миллионын Дүниежүзілік банк берсе, қалғаны бюджет қаражатынан алынған. Аталған соманың басым бөлігі ауыл мектептерін мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Одан бөлек, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру де көзделген.

«Негізгі мақсат – қала мен ауыл мектептерінің білімін теңестіру. 75 млн доллардың 60 пайызы мультимедиалық құрал-жабдықты сатып алуға жұмсалады. Ондай құрылғылар 5 мың мектепке жеткізіледі деген жоспар бар. Оның барлығы ауыл мектептері. Осылайша, ауыл мектетері білім саласындағы озық технологияларды қолдана алады. Бүкіл бақылау жұмыстары, тестілеу онлайн режиме жүргізіледі. Жоба аясында мұғалімдерді даярлаудың жаңа моделі де жасалады», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльвира СУХАНБЕРДИЕВА.

Жоба аясында инклюзивті білім беруге де баса көңіл бөлінбек. Осы ретте арнайы әдістемелік құралдар әзірленіп, оқыту бағдарламалары жетілдіріледі. Аталған жаңашылдықтарды тәжірибеге енгізу үшін мектептердің жанында ресурстық орталықтар құрылады. Дефектологтар мен психологтардың біліктілігін жоғарылатуға да жіті назар аударылмақ.

«Дүниежүзілік банк өз ақшасын 17 жылға 2 пайызбен беріп отыр. Себебі бұл - әлеуметтік жоба. Сондай-ақ, бес жылға арнайы жеңілдік қарастырылған. Бұл дегеніміз, алдағы 5 жылда біз ешқандай пайыз төлемейміз. Алдымен мультимедиалық құрал-жабдықтарды аламыз. Одан кейін бағдарламаларды әзірлейміз. Содан соң мұғалімдердің біліктілігін жоғарлатамыз», – деді Эльвира СУХАНБЕРДИЕВА.

Жоба аясында 16 педагогикалық жоғарғы оқу орнының материалдық базасын жаңғырту да көзделіпті. Мәселен, жоғарғы оқу орындарында робототехника зертханалары құрылатын болады.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров