9 айда 900 әйел зорланған: Астанада қоғам белсенділері арнайы акция өткізді

27.11.2018 22:26

Биыл тоғыз айда еліміз бойынша 900-ден астам әйел зорланған. Ал отбасылық әлімжеттік жағдайы бұдан да сорақы көрсеткішке жетіпті. Отандық «НеМолчи» қозғалысының мүшелері осындай мәлімдеме жасады. Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық деңгейінің өршуіне белсенділер заңның осалдығы себеп дейді. Сондықтан Астанада әйелдер құқығын қорғайтындар Парламент Мәжілісінде арнайы акция ұйымдастырды.

Ардақ Әбдіғалиева небәрі 15 жасында тұрмысқа шыққан. Бұл қадамға 19 жастағы болашақ жұбайы «маған әйел болмасаң, өзіме қол саламын» деп қорқытқаннан кейін барған. Ал қыздың ата-анасына оны оқытып, жағдайын жасаймын деп көндірген. Содан бергі 12 жыл өмірім тозаққа айналды дейді. Араларында үш баласы бар бұрынғы жұбайы рұқсатсыз далаға шығармай, тиісті білім алуға да мүмкіндік бермеген. Алайда, қиындыққа шыдамағаннан кейін сот шешімімен ажырасып кеткен. Тек балаларымның қатал әкенің қамқорында қалғаны қынжылтады дейді.

«Мен олардың психологиялық жағдайына алаңдаймын. Өйткені, балаларым біздің айқайымызды естіді. У-шудан қорқып, бұрышқа тығылатын. Мен шаршадым. Менің оқығым келді. Басқалар сияқты білім алып, адамша өмір сүргім келді», – деп күрсінеді Ардақ ӘБДІҒАЛИЕВА.

Қазақстандық әйелдер арасында үйінде күйеуінен таяқ жейтін жайттар көбейген. Барлық фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, кінәлілерді жазалау кейде мүмкін болмайтын көрінеді. Өйткені, зардап шегуші шындығында отбасындағы болған жайды ашып айтуға ұялады немесе қорқады дейді қоғамдық қозғалыс мүшелері. Әйел құқығын қорғайтын «НеМолчи» қозғалысы отбасындағы әлімжетіктің өршуін заңның осалдығынан көреді. Бұл Қылмыстық кодекстің 120-бабы, яғни «зорлауға» да қатысты.

«Биыл Қазақстанда тоғыз айда 914 нәзік жанды зорланған. Сексуалдық зорлық-зомбылық заңы Тәжікстан мен Өзбекстанда біздің заңға қарағанда өте қатаң. Бұл елдерде жасаған қылмысы үшін қылмыскер 3 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Зорлау – ауыр қылмыс түріне жатады. Ал бізде орташа деңгейдегі ауыр деп қаралып, 3 -5 жыл ғана беріледі. Қырғызстанда зорлаған адамды заң 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады», – дейді «НеМолчи» қозғалысының жетекшісі Дина СМАИЛОВА.

Қазіргі заңда жоғарыда аталған жайттардың көбеюіне қылмыскер мен зардап шегушінің өзара ымыраға келуі де сеп болып отыр дейді жиналғандар. Белсенділер сотта белгісіз себептермен қос тараптың ортақ мәмілеге келуін құжаттан алып тастауды сұрауда. Осындай бұйымтаймен арнайы Парламент мәжілісіне барып, депутат Ирина Смирновамен кездесіп, қозғалыс мүшелері өздері дайындаған нормаларды ұсынды.

«Тараптардың өзара ымыраға келуіне қарсымын. Балаға, әйелге, еркекке қарсы қылмыс жасалса, адам кінәсына қарай жауап беруі керек. Бұл оймен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Менің бар білетінім, осы жағдайды қамтитын заң енгізу қолға алынып жатыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина СМИРНОВА.

Ал соңғы үш жылда зорлау фактісі бойынша елімізде 5 мыңнан артық қылмыстық іс қозғалған. Өкініштісі, кішкентай балалардың қорлануы азаймай тұр. Осындай әрекет салдарынан 2018 жылдың тоғыз айында 91 ер бала, 43 қыз бала болған жағдайға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсаған. Ал бала зорлау сияқты ауыр қылмыс жасайтындардың көбісі бұрын түрмеге отырғандар мен көшеде отырып арақ ішетіндер екен.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана