Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталды

26.10.2018 22:27

Мәдениет және спорт министрлігінің 7 қызметкері аса ірі көлемде пара алмақ болған жерінен қолға түсті. Бұл ақпаратты Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері растады.

Ұлттық бюро мамандарына сенсек, заңбұзушылық елорданың «Уолл Стрит» мейрамханасында орын алған. Халықаралық «Қазақпарат» ақпарат агенттігі басшысынан мемлекеттік сатып алу келісімін реттеу үшін министрлік шенеуніктері 37 мың АҚШ долларын талап еткен.

Экономикалық қылмыс, яғни 13 миллион теңгеден артық соманы алмақ болғандардың қатарында ведомствоның департамент басшысы Еренай Дәржібаев, жауапты хатшы Қуатжан Уәлиев пен тағы 5 мемлекеттік қызметші бар. Дәржібаев екі айға үй қамаққа алынды.  

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Басқа мәлімет ҚР ҚПК 201-бабының аясында таратылмайды. Қосымша мәліметіміз болса, міндетті түрде хабарлаймыз. Астанадағы мейрамханада Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғаларын ұстау дерегі болды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна БАСТАРОВА.

Естеріңізге салсақ, апта басында заңбұзушылық туралы бірқатар отандық ақпарат көздері жазған еді. Бірақ сайттардағы мәлімет бірнеше сағаттан кейін өшіп қалған болатын.