Астана дәрігерлері жаңа босанған ананың жүрегіне ота жасап, аман алып қалды

Астана дәрігерлері жаңа босанған ананың жүрегіне ота жасап, аман алып қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың нөмірі екінші көпбейінді аурауханасының дәрігерлері өлім аузында болған аяғы ауыр келіншекті аман сақтап қалды. Дәрігерлердің қолына түскенде жүрегі соқпаған жанның өмірі үшін мамандар жарты күн бойы арпалысқан. 12 сағатта бірнеше ауыр ота жасағандар мұндай жағдаймен бірінші рет кездескендерін айтады.  

Ақырындап аяқ басып, денінің сау екеніне қуанышын жасырмаған 31 жастағы Сәбира Әбенова ауруханадан шығып, үйіне баруға асық. Қасындағы жұбайы жақында дүниеге келген нәрестесі үшін аурухана қызметшілеріне шексіз ризашылығын білдіріп жатыр. Ешқандай қауіпті  күтпеген келіншек бұдан бір ай бұрын өлім аузында болатынын сезбедім де дейді.

«Мүлдем де ойлаған жоқпын. Келінім перзентханада істейді. «Қай жаққа барасыз, қайда босанасыз?» деп күнделікті сұрап тұрды. Жеті ай толған уақыттан бері, демалысқа шыққаннан бастап сұрап, перинаталдық ауруханада түрлі жағдайлар орын алып жатқанын, соларды болдырмас үшін күтінуім керек екенін айтып отыратын. Бірақ, білмеймін, мен өзі-өзіме сенімді болып жүрген едім. Мұның алдында екі баланы ешқандай операциясыз өзім босанған болатынмын. Сондықтан еш қорқыныш бола қоймас деп ойлаған едім», – дейді Сәбира ӘБЕНОВА.

Босануға сәл қалғанда ажалмен арпалысқан әйелдің жағдайын ауруханадаға кардиохирург, акушер, гинекологтар айтып берді. Мамандар қабылдағанда жас әйелде «преэкламсия», яғни жүктіліктің ауырлауы мен жүрек жеткіліксіздігінің төртінші деңгейі анықталған. Тексерістер жұмыр жүректің жанындағы қан жүру жолының жарылғанын көрсеткен.

«Ол кеудесінің ауырып тұрғанын айтты. Түрлі тексерістер жүргіздік. Нәтижесінде, Сәбираның жүрек тұсындағы тамырдың жарылғаны нақтыланды. Дереу ота жасауға кірістік», – деді дәрігер Назгүл ҒҰБАЙДУЛИНА.

Ота кезінде әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Мамандар алдындағы жан үшін 12 сағат арпалысқан. Алдымен ақ халаттылар баланы құтқару ниетімен кесарь тілігін жасап, артынша жарылған қан тамырын емдеген.  

«Жүктіліктің 35 апталығы кезінде осындай өте шұғыл жәрдемде екі кезеңнен тұратын ота жасалды. Әрине, ауыр жағдайда бізге шешім қабылдау оңай болған жоқ. Сондықтан қаланың білікті мамандары, бастықтары жиналуының арқасында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған осындай өте күрделі отаны жасап отырмыз», – деді Астана қаласы әкімдігі №2 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол ТҰРСЫНБАЕВ.

Дәрігерлердің пайымынша, әлемде осындай жақсы нәтиже көрсеткен отаның тек 19 жағдайы тіркелген. Оның екеуі ТМД елдерінде өткен. Әлемдік статистикаға сенсек, мұндай ауыр жағдаймен түскендердің 95 пайызы ота кезінде көз жұмады.  

«Біз басқа емдеу орындарында болсақ, бұл әйелді жоғалтып алатын едік. Шараның бәрі менің көзімнің алдында өтті. Осындағы акушер, гинеколог, кардиохрургтардың шеберлігінде мін жоқ. Дер кезінде дертті анықтап, адамды аман сақтап қалу – ерліктің ішіндегі нағыз ерлік», – деді штаттан тыс акушер-гинеколог Иван КАРКАН.


Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров