Лифт ішінде қаза болған журналист ісі: айыпталушы тағылған айыппен келіспеді

20.09.2018 22:28

Ақтөбеде жеделсатыға қысылып қаза тапқан Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот алдында айыпталушы механик Жарылқасын Ақжанов жауап берді. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Қайғылы оқиға осыдан 5 ай бұрын болған. Бұл іс бойынша жауапты серіктестік директоры мен лифт жөндеуші кінәлі деп танылған. Механиктің сөзінше, «Жаңабек сервис» компаниясы басшысымен тек ауызша келісім-шарт жасалған. Лифтті тексеру барысында Пәтер иелері кооперативінің төрағасына оның тозғаны туралы айтқан. Десе де, Жарылқасын Ақжанов жеделсатыны жөндеуге келіскен. Ол өз қызметіне 10 мың теңге алыпты.

«Жөндеуден кейін лифтті пайдалануға болатын еді. Бірақ олардың қауіпсіздік техникасына жауапты өз механигі бар ғой. Сол тексеріп барып, лифтті қосуы керек еді. Лифтке 28 жыл болған. Ескі. Біздің арамызда ауызша келісім жасалды. Құжат толтырмадық. Ол менен тек арқанды және қозғалысты шектейтін құрылғыны ауыстыруды сұрады. Мен ауыстырдым», – деді Жарылқасын АҚЖАНОВ.

Екі айыпталушы да ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, бостандықта жүр.

Еске салсақ, төртінші сәуір күні 28 жастағы Айзат Әбдісамат тұрғын үйлердің біріндегі жеделсатыға қысылып қалып, мерт болған еді. Жеделсатының қызметіне «Жаңабек сервис» серіктестігі жауапты болған.