Алматы жұртшылығы танымал тележурналист Мақсат Сләмбекті соңғы сапарға шығарып салды

Алматы жұртшылығы танымал тележурналист Мақсат Сләмбекті соңғы сапарға шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Өмірін тележурналистикаға арнаған Мақсат Сіләмбеков 43 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Ол «Алматы» телеарнасында жұмыс істеген жылдары «Тарих таразысы», «Қыл көпір», «Жекпе-жек» сынды көптеген бағдарламаның редакторы, продюсері болды.

Шығыс Қазақстан облысының «Шыңғыстауында» дүниеге келген Мақсат Ғадылбекұлы аз ғұмырында көп жұмыс жасады. Кез келген жанға қол созып, жақсылық жасауға жақын жүретін жылы жүректі жігітті жер-жерден жиналған журналистер мен жақындары жер қойнына тапсырды.

Қазақтың жері, салты мен ұлтына қатысты сыңаржақ пікір, күмәнді ой айтылса, оған Мақсат Сләмбек дәйекті сөзімен, дәлелді ісімен, дәлірек айтқанда, «Тарих таразысы» бағдарламасымен араша түсті. Қызығы мен қиындығы көп телеарнадан эфирге шығатын бағдарламаның әр секундына дейін есептей жүргізіп, жүктелген жұмысты журналистермен бірге алып шығуға редактор жауапты болса, ондай сан түрлі сыннан сүрінбей өткен, жұрттың да, басшылықтың да көңілінен шыға білген аптал азаматтың бірі – Мақсат Сләмбек болды. Мақсат кез келген жанмен мәмілеге келе алатын, маңайына мейірім төккен, кең жүректі адам еді.

«Адам ретінде де үлкенге құрмет, кішіге ізеті бар, жұрттың бәрін арқаландырып, жігерлендіріп жүретін, ұжымның ұйытқысы бола білетін жаны жайсаң жігіт еді. Кеше естігенде төбемнен жай түскендей болдым. Мақсат өмірі ауырдым деп шағым айтқан адам емес еді», – дейді журналист Шыңғыс КІРЕБАЙ.

Ол спорт десе ішкен асын жерге қоятын журналист болды. Жанкүйер ғана емес, елдің әр өңіріндегі әріптестерін жинап, БАҚ арасында жиі жарыстар өткізді. Өз командасы ғана емес, өзге топтағы тілшілер де турнирге Мақсат келмесе, ойынның мәні болмайды деуші еді. Қақпадан қасқайып тұрып ала допты қайтарған кездері, кеңкілдей күліп, командасын қуантатын сәттері қазірдің өзінде келмес, қайталанбас сағынышқа айналды.

«Сенің жеңісіңе өзі қуана білетін, құттықтай білетін, сондай бір ақ жүректі аптал азаматтың бірі еді ғой. Ол кісі қай жерде жүрмесін, қай жерде болмасын спорт журналистерінің басын біріктіріп, жарыс ұйымдастыруды немесе доп тебуді қолға алып, ұйымшылдық қабілетімен де танылған, барлық адамдардың көңілінен шығуға тырысатын. Қақпада тұрады, сен келіп гол соғып кетсең соны келіп, әдемілеп, әсерлеп тұрып айтып беретін», – деді «Хабар» телеарнасының журналисі Жандос АЙТБАЙҰЛЫ.

«Алматы» телеарнасында он жылдан аса жұмыс істеген журналист арнайы бағдарламалар бөлімінің редакторы, продюсер, менеджер қызметтерін атқарды. «Тарих таразысы», «Қыл көпір», «Жекпе-жек», «Емшілер», «Кәсіп көзі» сынды сан түрлі қызықты бағдарламаларға атсалысты.

«Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің филология  факультетінде бірге оқыдық қой. Мұғалімдер де оны өте жақсы көретін. Группаластары қатты сыйлайтын ерекше. Өзі де азамат, тұлға деуге тұрарлық ерекше жігіт еді ғой. Білмеймін, Мақсатты жақсы көрмеу мүмкін емес. Кеңпейіл, ақжарқын еді. Өмірге құштарлығы керемет болатын», – дейді журналист Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

«Әкем Ғадылбек пен анам Үмітжанның тұңғышы болып туған мені 80 жастағы Қанша әжем бауырына басты» деп жиі айтатын. Шыңғыстаудың күнгейіндегі бала Мақсат есейгенде де елгезек, көпшіл, шежірешіл болды.  Жасында «Билер әулетінен» тараған бала атанса, ер жеткенде әріптестерінің арасында «Қазақтың Бартезі» атанды. Ақпарат айдынында атқарған ісі аз болмаған азаматтың атында алдағы уақытта әріптестері турнир мен түрлі байқаулар өткізбек.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров