Алматыда өткен Мэрлер саммитінде денсаулық сақтау мәселелері талқыланды

Алматыда өткен Мэрлер саммитінде денсаулық сақтау мәселелері талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық сарапшылар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Салауатты қалалар» Еуропалық желісінің аясын кеңейтуді ұсынды. Бұл туралы Алматыда өткен Мэрлер саммитінде айтылды. Аталған жиынға әлемнің 20 елінен 250 делегат қатысты. Шарада қалалардың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі рөлі мен денсаулық сақтау шарасына көпшілікті кеңінен тарту мәселелері талқыланды.  

Алматы – еліміз бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Салауатты қала» Еуропалық желісіне енген алғашқы қала. Аталған жоба 30 жылдан бері іске асырылып келеді. Бүгінде оның құрамында 55 елдің 1800 қаласы бар. Алып шаһар оның қатарына өткен жылы қосылды. Жуырда Астана қаласы да аталмыш бағдарламаға енбек.

«Қазіргі таңда Алматыда 650 медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның 70-і кең профильді емхана. Барлық мемлекеттік медициналық мекемелер цифрлық форматта қызмет етеді. Барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. Экономиканы дамыту өмір сүру сапасын жақсартуға септесті. Алматы халқының жалпы өмір сүру ұзақтығы Орталық Азия бойынша ең үлкен көрсеткішке ие. Қазіргі таңда алып шаһар «аймақтық магнит», өмір сүру үшін тартымды, бизнес жүргізу үшін қолайлы, білім алу үшін және жоғары көші-қон қысымы бар қала», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматы «Тұрғындарға арналған қала» қағидасы бойынша жүйелі түрде жаңғыртылып отыр. Көлікті азайту арқылы ауаға зиянды заттың бөлінуі кеміген. Қоғамдық транспорт және велосипед инфрақұрылымы ұдайы даму үстінде. Жақын арада қалада жеке сектор толығымен газбен қамтылады. Халықаралық сарапшылар мэрлер саммитінде бұдан өзге көтерген мәселелер ауқымы кең. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өкілдер «Алматы үндеуі» келісімін қабылдау кезеңіне көшті.

«Саммитте көтерілген негізгі мәселелерді біз міндетті түрде ескереміз. Жүйенің мақсатын іске асыру тұрғысындағы мәселелерге қатысты өз ұстанымына байланысты «Алматы үндеуі» келісіміне қол қойылды. Бұл алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету бойынша Астанада қабылданатын декларация аясындағы алғашқы қадам. Барлық көшбасшылар жергілікті және жаһандық деңгейде қалалар үшін, дені сау болашақ қамтамасыз ету үшін саяси көшбасшылық танытуы қажет», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюро директоры Жужанна ЯКАБ.

Мэрлер саммиті елімізде алғаш рет өтіп отыр. Шара Алматының алғашқы медициналық-санитарлық көмек декларациясының 40 жылдығы және Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» желісінің 30 жылдығына орайластырылған. Басқосуға әлемнің 20 мемлекетінен 250 делегат қатысты.

«40 жыл ішінде жиналған тәжірибе орасан. Мұнымен шектеліп қалмау керек. Атап айтарлығы, осы 40 жылда атқарылған жұмыстан да көп шаруа күтіп тұр. Себебі, «Салауатты қалалар» – Дүниежүзілік ұйымның бір бағыты ғана. Мұнымен тоқталмай ары қарай дами береді. Өмір сапасын жақсарту үшін, дені сау қаланы дамыту үшін түрлі жаңа бағыт ұсынылып жатыр», – деді Горецкий аудандық атқару комитетінің төрағасы (Беларусь Республикасы) Сергей КУЛАГИН.

Сарапшылар есебі бойынша 2035 жылы Алматы халқының саны 3 миллион адамға дейін артады. Қоғамдық көлікті пайдаланушылар қатары 4 есеге дейін өседі дейді. Жүргіншілер және велосипедшілер саны 3 есе көбеймек. Сондықтан инновациялық экологиялық орта білім беру сапасын арттыру және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің үлгісі негізінде даму – бүгінгі күні басымдыққа ие.


Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров