Алматыда өнердің барлық жанрын бір арнаға тоғыстыратын арт-кеңістік ашылды

26.12.2018 22:37

Алматыда алғашқы мемлекеттік Almaty Gallery арт-кеңістігі ашылды. Енді өнердің барлық жанрын бір арнаға тоғыстыратын орында болашақта түрлі іс-шаралар өтеді. Оның алғашқы экспозициясы ретінде «Номад жүрегі» көрмесі ұйымдастырылды. Бірінші болып тамашалағандардың арасында Алматы әкімі Бауыржан Байбек те бар. Ол дамыған мегаполистердегі секілді галерея орталықтарының санын көбейту керегін бас айтты.

Көркемсурет галереясы болып ашылған бұл орын ұзық уақыт қаңырап бос тұрған еді. Қала әкімдігі бұл олқылықтың орнын толтыру үшін игі бастаманы қолға алып, Алматыдағы алғашқы мемлекеттік арт-кеңістікті жасақтады. Нысанмен алғашқылардың бірі болып танысқан қала әкімі Бауыржан Байбек дамыған мегополистердегідей осы тектес нысандардың санын көбейту қажеттігіне назар аударды.

«Алматы қаласын мәдени орталық ретінде ары қарай дамытамыз десек, онда біз үшін әрине осындай өнерге жасалған мүмкіндіктер болуы керек. Сондықтан мына бүгінгі көрменің маңызы зор. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жобалық «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жалпы осындай өнер туралы айтты. Біз ата-бабамыздан келе жатқан керемет, жақсы дәстүрлерді сақтап қалдық. Қазір мәдениет саласында, өнерде жұмыс істеп жатқан азаматтарымыз оның жаңа қырларын ашып, жаңадан халыққа түсіндіріп жеткізуі қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қалада қазір осы тектес 15-ке жуық нысан болса, бұл қала меншігіндегі алғашқысы. Мекеме әкімшілігінің айтуынша бұл жерде тек қана көрме емес, сонымен қатар, түрлі мәдени іс-шаралар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылатын болады.

«Бұл орын болашақта өнердің түрлі жанрларын бір арнаға тоғыстыратын орталық болмақ. Яғни тек қана көрмелер ғана емес, түрлі жобалар, салаға қызығушылық танытқандарға шеберлік сағаттарын ашқымыз келеді. Туризмді дамытуға септігін тигізетін кәдесыйлар бұрышы да болады», – деді Almaty Gallery арт-кеңістігінің директоры Кристина БЕКМҰРЗАЕВА.

Мемлекеттік Almaty Gallery көркем сурет галереясының алғашқы экспозиясы ретінде Мемлекет басшысының таяуда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен үндестік тапқан Санжар мен Жанель Жұбановтардың «Номад жүрегі» көрмесі ұсынылды. Ол келер жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады.

«Бұл көрмеде визуалды өнердің 4 түрі қойылған. Олар: көркемсурет, «Алмалы қала» тұрғындарының портреттері, тасқа қашалған бейнелер мен Номад поэзиясы», – деді суретші Санжар ЖҰБАНОВ.

Айта кетейік, «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында Алматыда тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қарқын алуда. Әкімдік Райымбек батыр мавзолейін реконструкциялауды, «Этнолендті» жасауды, Розыбакиев көшесі бойындағы қорғанды музейфикациялауды және темір дәуірінен хабар беретін қала аумағында сақталып қалған жалғыз ескерткіш – Боралдай сақ қорғандарын ашық аспан астындағы музейі құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.


Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы