Ресейде үйқамақта отырған Жомарт Ертаевтың ісіне байланысты жаңа деректер шықты. Атышулы істегі куәгерлердің бірі Евгений Пак бүгін шұғыл жиын өткізіп, өзіне экс-банкирдің сыбайластары қысым көрсетіп жатқанын жариялады.
Евгений Пактың айтуынша, кезінде жұбайы Татьяна Пак екеуі Ертаевтың өтінішімен «Алма-ТВ» кабельдік операторының 100 пайыз акциясын сатып алған. Бірақ сол келісімдері Пак әулетіне кесір болып тиген көрінеді. Компанияның RBK Bank-нің алдында миллиардтаған қарызы болып шыққан. Ал ол қаражатты Ертаев қалтасына басты деген болжам бар.
Алайда, жеме-жемге келгенде «Алма-ТВ» акцияларын басқарған Татьяна Пакке айып тағылыпты. Қазір бұрынғы іскер әйел «аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін» және «қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастырғаны үшін» істі болуда.
«Әйелім екеуіміз ақылдаса келіп, Ертаевқа көмектесу үшін осы мәмілені жасасуға бел будық. Алайда, келісім-шартты тіркегеннен кейін, компанияның «РБК-банкіне» 30 миллиард теңгеден астам қарызы барын білдік. Біздің білуімізше, бұл қаражатты Ертаев өзі сол банкті басқарғанда несие түрінде алған. Ал кейін тергеу басталғанда менің әйелімді қайта-қайта құзырлы орган шақырды. Ертаев пен оның адвокаты бізге барлығы жақсы болады деп жұбатып, тергеуде қалай жауап беруіміз қажеттігін де айтып отырды. Кейін Татьянаны қамауға алғанда Ертаевтың тек өз қара басын қорғауды ойлап отырғанын түсіндік. Жуықта оның адамдары менің пәтеріме баса-көктеп кіріп, қысым көрсетті. Артық әңгіме айтпауымызды талап етіп, Ертаевпен хат жазысып отырған телефонымды тартып алып кетті», – деді Татьяна Пактың жұбайы Евгений ПАК.
Естеріңізге сала кетсек, атышулы Жомарт Ертаев осы көктемде Мәскеуде қолға түскен болатын. Ол RBK Bank-ті басқарып тұрғанда аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталуда. Яғни, жалған серіктестіктеріне 80 млн доллар көлемінде қайтарымсыз несие алып беруге көмектескен деген күдік бар. Қазір Ресейде үйқамақта жатқан қашқын олигархты елге экстрадициялау жұмыстары жүріп жатыр.