Елімізде өндірілетін мұнай өнімдері көп ұзамай ішкі нарықты толық қамтымақ

26.09.2018 22:40

Елімізде қара алтын қоры мен өнімдеріне қарық болатын күн алыс емес. Оған Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жыл соңына дейін іске қосылуы сеп болмақ. Нәтижесінде, елімізде мұнай өнімдерінің көлемін жылына 300 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар. Ал 2025 жылға дейін қара алтын өндірісінің қауқары 104 миллион тоннаға жетпек. Мұнайшылар қандай кен орнының қорына сеніп отыр?

Елімізде өндірілетін қара алтын қоры артады. Сәйкесінше, мұнай өнімдерінің де көлемі біршама ұлғаяды. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты биылдан қалмай, іске қосылады. Бүгінде Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жобасы сәтті аяқталды. Бұл жұмыстар біткен соң, импортқа тәуелді болып отырған бензин, дизель отыны, әуе керосині бойынша отандық қамту белең ала бастайды.

«Қазақстанда мұнай қорын 5 миллиард тоннаға жуық. Былтыр 86,2 миллион тонна өндірсек, биыл 87 миллион тонна өндірдік. Жыл сайын өсім көрсеткіші жоғары болып отыр», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.

Ал келесі жылы 88 миллион тонна қара алтын өндірілмек. Осылайша, 2025 жылға дейін өндіріс қуатын 104 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Энергетика вице-министрі бұл жоспарға жетуде инфрақұрылымның озықтығы мен қордың да біршама бар екенін алға тартты. Алайда, мұнай өнімдері құнының құбылуына қатысты бағаны тұрақты ұстап тұру – нарықтың еншісінде деп қысқа қайырды Махамбет Досмұхамбетов.  

«Қазір бензин бағасы азайып жатыр. Дизельге өсім болғанмен, сұраныс та көп. Сондықтан дизельдің бағасы қымбат болып жатқаны бәрімізге белгілі. Үкімет тарапынан реттеліп отырмайды. Бұл бизнестің талап еткен бағасы», – деді вице-министр Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.  

Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары қайта жөндеуден өткен соң, өнімнің сапасы да жақсарыпты. Қайта өңдеу қуаттылығы 63 пайыздан 83 пайызға артқан. Сондай-ақ, Еуро-4, Еуро-5 талаптарына сай келетін жанармай, дизель отыны мен әуе керосинін көптеп өндіруге мүмкіндік мол.

«Мұнай өндірісінде цифрлы технологияларды пайдалану үнем жасауға септігін тигізуде. Отандық ІТ технологтардың көмегімен операциялық шығынды едәуір азайттық. Мысалы, электр қуатын пайдалануды 25 пайызға дейін түсірдік. Сондай-ақ, жерасты жабдықтарын пайдаланудың баяу тәртібі ұңғымаларды жөндеу санын азайтуға мүмкіндік береді. Интеллектуалды кен орындарын тиімді пайдалануды енгізген – біздің қазақстандық мұнайшылар мен ІТ саласының мамандары», – деді «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы ИСҚАЗИЕВ.

Сарапшылардың сөзінше, Қашаған кен орнына деген үміт басым. Өйткені, еліміздің жалпы ішкі өнімінің 19 пайызын осы мұнай және газ секторы құрайды екен. Ағымдағы жылы Қашағанда 10 миллион тоннадан астам өнім өндіру көзделген. Ал былтыр бұл көлем 8 миллион тоннаны құраған еді.


Гүлшырын Серікқызы, Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы