Астанадағы Кардиохирургия орталығының басшысы аурухана маңайындағы қарды өзі тазалап жүр (видео)

09.11.2018 22:40

Қазақстандық танымал кардиохирург дәрігер Юрий Пя күнделікті таңертең аурухана алдындағы қарды тазалайды. Сондай сәттердің бірі видеоға түсіп қалған, деп жазады Stan.kz.

Алматы қаласының мәслихат депутаты Константин Авершин Facebook желісінде Юрий Пяның аурухана алдындағы қарды тазалап жүрген видеосын жариялады.

«Бұл ұлы адам, Юрий Владимирович Пя, күнделікті таңертең өзі басқаратын, өзі және әріптестері, оқушылары күн сайын балалар мен ересектердің өмірін құтқаратын Кардиохирургиялық орталықтың маңындағы қарды тазалайды. Мұнда емделуге, ота жасатуға шетелдіктер келеді. Осы кісілердің еңбегі үшін Қазақстан кардиохирургия саласында жетекші мемлекеттердің бірі болып отыр. Жүрек трансплантациясын жасап, алғаш рет жасанды жүректі орнатып, мыңдаған адамды құтқаруда. Және ол күнделікті таңертең орталық маңындағы қарды тазалайды», – деп жазды депутат.

Юрий Пя 2010 жылдан бері Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ-ны басқарып келеді. Ол – денсаулық сақтау саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері. 2012 жылы «Жыл патриоты» атағын алған. 2016 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.