Шетелдік оқу орындары қазақстандық студенттерге 20 мың грант бөлді

19.11.2018 22:43

Биыл шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық студенттерге тегін білім алу үшін 20 мың грант бөлді. Алматыда өткен ірі көрмеге әлемнің 40 елінен 200 университет қатысты.


Көрме еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Атырау сияқты ірі қалаларында өтті. Оған шамамен, 60 мыңдай адам келіпті. Шара аясында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, университет өкілдерімен кездесуге мүмкіндік туды. Ұйымдастырушылар алдағы 5 жылда гранттар санын 40 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Өйткені, Қазақстанның үштілді білім беру жүйесіне өтуі жастарға зор мүмкіндік болды дейді.

«Бұл Орталық Азиядағы білім хабын құру мәселесі шеңберінде жасалып жатқан іс-шара. Біздің негізгі мақсат – осы көрме арқылы студенттерімізге, жастарға шетелде білім алу мүмкіндіктерін көрсету, таныстыру. Қазіргі таңда шетелдің көптеген университеттері тегін білім беріп жатса, кейбір университеттеріміздің оқу ақысы төмендетілген. Немесе шәкіртақыларды ұсынып отыр. Қазақстандық университеттерге шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға арнайы платформалар қарастырдық», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Зулфия ТӨРЕБЕКОВА.