Шардарада 1,5 тоннаға жуық сазан балығын заңсыз аулағандар ұсталды

20.12.2018 22:46

Түркістан облысы Шардара қаласында заңсыз балық аулаумен айналысқан браконьер ұсталды деп хабарлады ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет.

Оның айтуынша, ұсталған азамат 1,5 тоннаға жуық сазан балығын заңсыз аулап, оны сатпақ болған.

«19 желтоқсанда Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция мамандары Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің және аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлескен рейдтік шара барысында Шардара қаласының аумағында Газель автокөлігі ұсталды. Тексеру барысында автокөліктен заңсыз тасымалданған 1318 кг сазан балығы анықталды», - деп жазды С.Ділдәхмет өзінің Facebook-парақшасында.

Аталған факті бойынша Шардара аудандық ІІБ-де ҚР ҚК 335 бабының 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.