Келесі жылы қазақстандық фермерлерді қаржыландыру қысқарады

04.12.2018 22:46

Келесі жылдан бастап агроөнеркәсіп кешенінде субсидия саны 54-тен 34-ке дейін қысқарады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді.

Мұндай қадам шаруалардың берген өтініштерін қарау мерзімін 2 жарым есеге немесе 17 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды.  

«Мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатқызылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидия түрінен 34 субсидия қалады. Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толықтай автоматтандырылатын болады», – деді ҚР Ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман ЕВНИЕВ.

Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасын» көрсетті. Құжат ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуді, өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттаушыларды қолдау мен шетелдік инвестициялар әрі жеке инвесторларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыруға септігін тигізеді.  

«Мұнда 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарымен сабақтастық қамтамасыз етіліп, негізгі бастамалар мен қағидалар ескерілген. Жалпы, индустриялық саясат сабақтастықты қамтамасыз етеді және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталады. Біз қолданыстағы инфрақұрылымдық және институционалдық базаны барынша пайдаланамыз», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.