Алматылық 4 жасар Айаруға қаржылай көмек керек. Балғын 3 айдан бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер әзірге «нақтыланбаған энцефалит» диагнозын қойған. Алайда, оны емдеу үшін ұзақ оңалтудан өту қажет. Үміттері үзілмеген ата-ана балаларын емдеуге келісімін берген клиниканы Оңтүстік Кореядан тауыпты. Бірақ ол жақта ем алу үшін 50 мың АҚШ доллары шамасында қаражат қажет.
Кішкентай Айарудың мұндай күйге түскеніне 3 айдан асқан. Қазір аяқ-қолы тартылып қалған. Балғын жүріп-тұруды айтпағанда, сөйлей де алмайды. Алғашында, 20 шілдеде үш күн жүрегі айнып, мазасы қашқан соң жедел жәрдем шақырған. Баланы қалалық балалар жұқпалы ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер менингит дертіне тексеру үшін пункция алу керегін айтқан. Алайда, ол сырқат анықталмапты.
«Екі апта өткен соң, 4-5 тамыз күндері балада психологиялық өзгеріс байқала бастады. Бұрын түрлі байқауға қатысып, бірінші жүлде алып жүрген, белсенді, көп сөйлеп қалған бала тұйықтала бастады. Бұрын бәрін тез үйреніп алатын. Ағылшынша да, орысша да тез қабылдап, жаттап ала қоятын. Енді өзгелерге онша көп сөйлемей, өзімен-өзі болып қалды», – деді Эльвира ТҰРҒАНБАЕВА.
Жағдай нашарлаған соң тағы жедел жәрдем шақыртады. Ақ халаттылар компьютерлік томография жасау қажет екенін айтқан. Бірақ қанша жерден тексерілсе де дәрігерлер балаға нақты диагноз қоя алмаған. Тек сіңірі қайта-қайта тартыла берген бүлдіршінге нақтыланбаған энцефалит, яғни «мидың қабынуы» деп жорамалды диагноз қойған.
Кішкентай Айарудың ауруы күн сайын дендеп барады. Жағдайы сәт сайын нашарлауда. Өмір үшін күрескен балғынға Оңтүстік Кореялық дәрігерлер көмектесуге дайын. Бірақ ем-домына 50 мың доллар қаржы керек. Ал мұны қалтасы көтермейтін отбасы қайырымды жандарға алақан жаюға мәжбүр.
«Мұндай вирустың не екенін өмірімізде бірінші рет естідік. Жақсы болып кетеді деп үміттендік. Әлі де бала аяғынан тік тұрып кетеді деп үміттенеміз. Үмітімізді үзбейміз. Бірақ бәрі бір Алланың қолында. Содан кейін қарапайым халық жұмыла көмектесіп жіберсе, бір нәтижесі шығып, жақсы болады деген ойдамын», – дейді Эльвира ТҰРҒАНБАЕВА.
4 жасар Айару Азизқызына көмектесіп, оның өміріне араша түсемін деген жанашыр жандар экрандағы мына есепшотқа ақша аударуларына болады. Қайырымды жандар жоғарыдағы телефон нөмірі арқылы тікелей Айарудың ата-анасымен де тікелей тілдесе алады.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы