Қазақ елі жазушы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды

11.10.2018 22:47

Соңғы үш күннен бері бір-біріне көңіл айтып жатқан қазақ бүгін заманының заңғар жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды. Қара ормандай қазақтың қамын күйттеп, қаламымен де, қайсар мінезімен де қоғамның дамуына үлес қосқан аяулы азаматпен қоштасуға Үкімет адамдарынан бастап, қарапайым оқырманға дейін келді...    

Шерағаның мұрдесі қойылған драма театрда жазушының кейіпкері Рысқұлов қудаланатын 37-нің ызғарын еске түсіретіндей мұңды әуен ойнап тұр. Ауыр үнсіздік жайлап, жазушының қабырғаға ілінген суреті жиналған жұртқа үн қатып, рухты ақыл айтардай көрінеді. Академиялық тетарға келіп жатқан, қайғы басқан қалың ел терең күрсініп, бір-біріне ақырын ғана көңіл айтады.

«Ел парламентінің бірнеше шақырылымында депутат болған Шераға еліміздің саяси қоғамдық өміріне де белсене араласып, мемлекет мүддесі жолындағы өзінің азаматтық бар болмысымен елге қызмет етуді ғана ойлады. Ұлт баспасөзінің бірнеше буынына ұстаз болған, оның шекпенінен шыққан шәкірттерінің өзі де бір-бір биікке шықты, тұлға болып қалыптасты. Осынау саналы ғұмырында қазақ баспасөзінің бәріне жуық басшылық жасаған ол қай қызметте де өзін өзгеден оқшаулап тұратын елжандылық, мемлекетшілдік қасиетті сақтай білді», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК. 

«Ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі», «Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы», «Ақылшы абыз». Дәл осы мағынадағы теңеулер тұғыры биік тұлға – Шерағаның атына соңғы екі-үш күннен бері тоқтаусыз айтылып жатыр. Қазанның қара суығындағы қаралы хабарға Елбасыдан бастап, премьер-министр, сенат төрағасы сынды Үкіметтегі көптеген белді өкілдердің аттарынан арнайы жолданған жеделхаттар жұртқа жеткізілді. Абыз ақсақалдар Алашқа басу айтты.

«Ұғымға сыймайтын мінезі бар, ұғымға сыймайтын және «Мылтықсыз майдан» секілді шығармалары бар азамат, тұлға. Ол бізден ештеңе дәметпейді. Бізден тек қана дұға ғана керек. Енді айналайын Шерхан, алдың жарық, иманың жолдас болсын!», – деді Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.

Шерхан Мұртаза – оқырманын шығарманың заманына жетелеп кетеді. Оның туындыларын қолға алған адам демін ішке тарта тапжылмай оқып, жұмыр жердегі қазақтың басынан кешкен тамұқ тағдырын, ауыр заманын айнасыз көз алдына елестете алады. Бұл оның шығармашылықтағы шебер суреткерлігі болса, қоғамдағы саяси тартыста да тарихи істерді атқарғаны өз алдына бөлек әңгіме. «Социалистік Қазақстан» газетінің атауын алған бетінен қайтпай жүріп, «Егемен Қазақстанға» айналдырған оқиға да Шерхан Мұртазаға тиесілі. Ұлттық арнаның тізгінін ұстағанда бастаған бағдарламалары үздіксіз әлі де жалғасып келе жатса, пәтерге жырғап қалған журналистердің қуанышты дәуірі де осы Шер-ағаңның еңбегі еді дейді шәкіріттері.

    

«Қайсарлығы, қайраткерлігі әлі талай ұрпақ зерттейтін, соның біз байқамаған тұсып байқап, соның қанат бітіретініне біз сенеміз. Сондықтан бүгін мынандай қаралы жиының тұсында әуелі көңілді сол қаралы жұртқа, Шер-ағаңды ессіз сүйген еліне айтқымыз келеді. Шерхан Мұртазаның қаламдастарына, замандастарына, шәкірттеріне айтқымыз келеді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Шераға!», – деді ақын, жазушы Нұрлан ОРАЗАЛИН. 

86 жасында өмірден өткен өзгеше тағдыр иесінің артында том-том кітаптарынан өзге, ұлы мен қызы қалды. «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деп, үнемі ұлттың «ұйықтап кетпеуін еске салып отыратын Шераға өзі үлгі тұтып өскен аңыз-адам – Бауыржан Момышұлының жанына жерленді.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы