Алматыдағы БРТ желісіндегі бейнебақылау камералары іске қосылды

10.10.2018 23:50

Алматыда бүгіннен бастап БРТ желісінде жол ережесін бұзған жүргізушілер жазаланады. Бұған дейін тек ескертумен құтылған көлік тізгіндеушілер енді айыппұл арқалайды.

Полицейлер Тимирязев көшесінде 20-дан астам автоматтандырылған бейнебақылау камераларын іске қосты. Қондырғылар тас жолда тәртіп бұзғандарды бірден анықтап, ақпаратын жол полициясының жедел басқару орталығына жібереді. Бұған қоса, қаладағы БРТ маршрутының барлық тұсына «Сергек» камералары да орнатылмақ.  

Бұл Алматының Тимирязев көшесінде БРТ желісі алғаш іске қосылғанда автобус жолағына шығып, ережені елемеген көлік жүргізушісі. Бірнеше қателік жіберіп, полицейлердің жүйкесіне тисе де, жүргізуші жазадан оңай құтылған болатын. Осы күнге дейін көлік жүргізушілеріне жаңа ережені тәптіштеп түсіндірген сақшылар енді тәртіп бұзғандарға айыппұл жазады. Өйткені, Тимирязевтің бойында белгіленген арнайы 10 бекетке орнатылған 20-дан астам автоматтандырылған бейнебақылау желiсi іске қосылды.

«БРТ бағытындағы бейнекамералар бірінші кезекте, жылдамдықты асыра сілтеу деректерін айқындайды. Бағдаршамның қызыл түсіне қиылысты қиып өту. Сонымен қатар, арнайы тоқтау жолағынан асырып түскен көлік жүргізушілерін айқындайтын боламыз», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

БРТ желісіндегі тәртіпті автоматтандырылған бейнебақылау камераларынан бөлек, «Сергек» жүйесі де бақылауға алады. Жуықта Мұстафин мен Тимирязев көшелеріне жалпы саны 15 «Сергек» жүйесі орнатылады. Бір жүйеде 4 бейнебақылау камерасы бар. Соның көмегімен жобаны жүзеге асырушылар тас жолдағы тәртіпті жан-жақтан назарға алмақ. Яғни, қондырғылар жылдамдықты асыру, қоғамдық көлікке арналған жолаққа өтіп кету, тоқтау жолағына шығып кету сәттерін мүлт жібермей жазып алады.

«Сергек» жүйесі әзірге айыппұл жазбайды. Тек пилоттық режимде жұмыс жасайды. Осы арқылы біз Алматы көшелерінің жүктемесін, қандай жол ережесі көп бұзылатынын тексеріп көрмекпіз. Біздің мақсатымыз – жүргізушілерге айыппұл арқалату емес. Ең алдымен бұл жоба арқылы қаладағы қауіпсіздікті күшейтуді мақсат тұтып отырмыз. Мәселен, қазір Астанада «Сергек» орнатылған жерлерде жол апатынан орын алатын адам өлімі 2 пайызға төмендеді», – деді «Сергек» жобасының негізін қалаушы Қайрат АХМЕТОВ.

Жобаны жүзеге асырушылар жыл соңына дейін «Сергек» бейнебақылау жүйесінің санын арттыра түспек. Камералардың көбі Абай даңғылына орнатылады. Онда бас-аяғы 18 «Сергек» жүйесі қойылады. Ал әл-Фараби даңғылында 6 жүйе жұмыс істейді. Камералар осы аптаның аяғына дейін іске қосылады.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы