Алматы облысының полициясы өз баласын өлтірді деп күдікке ілінген 19 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД-де баяндағандай, бұл дерек Талғар ауданындағы кенттердің бірінде тіркелді. 10 қазан күні мұнда 1,5 жасар баланың өлімі анықталды. Өз кезегінде, полицейлер өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындады.
Оның алдын ала қорытындысы бойынша, сәбидің өлімі механикалық асфиксия салдарынан болған. Тәртіп сақшылары ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен («Адам өлтіру») қылмыстық іс қозғады.
«Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қайтыс болған баланың 19 жастағы анасы ұсталды. Қазіргі кезде күдікті әйел Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес аудандық полицияның уақытша оқшаулау камерасына қамауға алынды. Сот алдындағы тергеу жұмыстарын Талғар АІІБ қызметкерлері жүргізуде, сондай-ақ ол облыстық тергеу басқармасының бақылауында тұр», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Аталған фактінің мән-жайы сот алдындағы тергеу барысында анықталады.