Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған «Мейірім» орталығы ашылды. Бірегей нысанның жұмысымен танысуға Алматы әкімі Бауыржан Байбек арнайы барды.
Бұл орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған. Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар.
Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді. Мұқтаж жандарға арналған нысан жеке инвестордың қаржысына салынған.
«Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы болған кезімде, біз де жеке қаржы тартып, еліміз бойынша 20 инклюзивті кабинет аштық. Оның жетеуі Алматыда. Айтайын дегенім, аутизм проблемаларымен білек сыбана айналыстық. Яғни, қазір мұндай көмекке зәру балалар көп», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Орталықтың жалпы ауданы 9 мың шаршы метрге жуықтайды. Кешен аумағында тепе-теңдік ұстауды дамытатын, жалпы және ұсақ моториканы, визуалды бейнелерді, әлеуметтік және топтық ойын дағдыларын дамытуға көмектесетін Қазақстандағы жалғыз инклюзивті ойын алаңы бар. Сондай-ақ, кешеннің барлық аумағы ерекше балалар мен мүгедек арбасында отыратындардың емін-еркін әрі қауіпсіз қозғалуына бейімделген. Кешен 60 балаға шақталған.
«Қазақстандағы жалғыз сенсорлық кешен осында орналасқан. Балалардың көру және есту қабілетін дамытатын Монтессори әдістемелік кабинеті пен сенсорлық бөлме толық жабдықталған. Яғни, бүкіл кешен дене қимылдауында ақауы бар балалардың дамуына арналған. Тәжірибе көрсеткендей, уақтылы әрі жоспарлы түрде ем қабылдаған және педагогтар сапалы жұмыс істеген жағдайда балалар жақсы нәтижелерге жетеді», – деді «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының директоры Людмила ДРОЗДОВА.
Орталық жұмысымен танысып шыққан әкім Бауыржан Байбек қалада ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барлық жағдайлар жасалатынын атап өтті. Соңғы үш жылда мүгедек жандарды қолдау үшін қаржыландыру көлемі 2,5 есеге өскен. Ал қаладағы нысандар 100 пайыз паспортталып, оның 67 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген. Айта кетейік, Алматыда 43 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 5 мыңы балалар.