Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бюджеттің шығысын жеңілдетпей отыр. Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында аталмыш келісім аясында инвестиция тарту жолының олқылығын айтты. Халық қалаулылары мемлекет пен жеке азаматтың қаржы салуы туралы өзара келісімнің де тым ұзаққа созылып, әлемдегі валюталар бағамына бағынышты екенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сөз болған Үкімет сағатындағы әңгіме қызу болды. Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов аталмыш әріптестік аясында 2018 жылдың қазан айында 1 триллион теңгеден артық сомаға 443 келісімге қол қойылған деді. Оның 334 миллиардын жеке қаржы жапса, қалғанын мемлекет төлеу керек екен. Бұл өзара екі тараптың келісімінде ел бюджеті кәсіпкердің салған ақшасынан тым артық екенін көрсетеді. Ал осындай жағдайда сөз байласу барлық салада кездеседі деді мәжіліс депутаты.
«Бұл ретте бюджетке түсетін салмақ азаймай отыр. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысанын кеңінен пайдалануды, бюджеттік қаражатты жекеменшік инвестициялармен алмастыруды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары үшін бюджет шығыстарын барынша азайтуды көздейтін басым бағыттарды әзірлеу керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай СӘБИЛЯНОВ.
Нұртай Сәбиляновты әріптесі Майра Айсина қолдады. Ол Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен шетелдік компаниялардың Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынас орнатуына қандай жағдай жасалғанын сұрады.
«Шетел инвесторларына кедергілер жоқ. Олар тікелей де, біздің отандық бизнеспен де сондай жобаларға қатыса алады. Мен баяндамамда айтып кеткен едім. Мысалы, БАКАД жобасы ол шетелдік консорциумның аясында іске асып жатыр. Екі корей компаниясы, екі түрік компаниясы. Сондықтан ешқандай кедергілер жоқ. Тек бір ғана мәселе бар, ол әрине, валюталық тәуекел», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Осы ретте депутаттар әлемдегі валюта бағамдарының «ойнауына» төтеп беретін мемлекет пен жеке инвестордың келісіміне арнайы ереже енгізуді ұсынды. Өйткені, 2010 жылы Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы туралы келіссөздері басталғанда, АҚШ долларының құбылуынан кейін жолды салу құны екі есеге артқан. Соның салдарынан, құжатқа қол қою мен нақты құрылыстың басталу уақыты кешеуілдеп қалған. Аталмыш әріптестік аясында барлық салалар арасында өнеркәсіп ісі кенжелеп тұр. Бұған Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко өз наразылығын білдіріп, қаржы тартуға тікелей жауапты Инвестициялар және даму министрлігінен сұрады.
«Өнеркәсіп нысандары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясына кірмейді. Өйткені, жеке компаниялар салған нысандар мемлекет жекеменшігіне өтпейді. Бірақ бұл аталмыш салада серіктестік жүрмейді деген сөз емес. Керекті нысандар болса, біз жер бөліп, инфрақұрылымды өткіземіз, несие берерде жеңілдік ұсынамыз. Осы саладағы өзара әріптестік аясы осындай», – деді ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман СКЛЯР.
Владимир Божко салынған кәсіпорындарды лизингке, яғни жалға беруді де ұсынды. Оның сөзінше, кәсіпорын ісі жүріп кеткеннен кейін пайдалануға берілген нысан үшін қаражатты алып отыруға ыңғайлы. Жалпы, 2006 жылы басталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік он жылда 59,4 миллиард теңге соманы құрайтын 21 шарт жасауға ықпал еткен. Ал 2017 жылдан бері қарай 1 триллион теңгеден астам сомаға 422 шарт бекітілген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 21 есеге артық.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана