«Алматы» телеарнасының қоржыны тағы екі туындымен толықты. Жаңа маусымда арнамыздан қос бірдей сериал көрерменге жол тартады. Қарапайым адамдардың қарапайым өмірі мен олардың басынан кешкен оқиғалары ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Осы арқылы өмірдің құндылықтарын тағы бір еске салады.
Режиссердің назарында әртістер, көріністер мен локация ауысып жатыр. Алматы арнасының жаңа маусымында көрерменге жол тартатын жаңа сериал осылай түсірілуде. Бірегей туындыдағы оқиға қарапайым отбасының айналасында өрбиді. Әке-шешенің бар байлығы – үш қызы.
«Құдай бере салған! Ай, жандарым, балапандарым! Менің Кұдай бере салған бар байлығым – сендерсіңдер! Ой, жандарым, жандарым!» деп, қыздарын айналып-толғанған ананың мейірімінде шек жоқ.
Апалы-сіңлілі үш қыздың мінездері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірі – өзін білім мен ғылым жолына арнаған мұғалім болса, екіншісі – өмірге батыл қарайтын радиожүргізуші, ал кенжесі – үйдің еркесі. Ол еркелеп жүріп, 20 жасқа толғанда «тұрмысқа шығамын» деп бәрінің төбесінен жай түсіргендей болады.
«Осы сериалда менің өз жігітім болады. Ол маған ұсыныс жасаған кезде, бас тартуыма тура келеді. Өйткені, ата-анам «әпкелерің тұрғанда тұрмысқа шықпайсың, олардан аттап қайда барасың» дейді... Бізде қанша дегенмен, салт-дәстүрден аттап кетпеу мықты қалыптасқан, оның үстіне, «Жұрт не дейді?» деген көзқарасқа сүйеніп қалған адамдар болғандықтан, ата-анам тұрмысқа шығуға рұқсат бермейді», – деп өз рөлін сипаттап берді актриса Зухра САЙПИ.
Ескі көзқараспен өмір сүретін қыздардың ата-анасы кенжелерінің тұрмысқа шыққанын қаламайды. Өйткені, салт бойынша алдымен әпкелері жолын ашып берулері керек. Осы ретте үшінші қыз жағдайды өз қолына алып, әпкелерінің бақытын іздейді.
«Қазір ХХІ ғасыр. Бақытын біреу кеш табады, біреу ерте табады дейді. Мысалы, біреу бақытын ерте тауып тұрса, оның алдын бөгемеу керек. Бұл сондай мақсатпен түсіріліп жатқан сериал», – деді «Кенже» сериалының қоюшы режиссері Төребек БЕЙСЕБАЕВ.
Бақыт іздеу жолында кейіпкерлер түрлі жағдайға тап болады. Туындыда қызықты оқиға да, драмалық сәттер де, өмірдің құндылықтарын ойландыратын мәселе де бар.
«Бұл негізі отбасы, жанұя бірлігі жайындағы хикая. Қазір қарап тұрсаңыз, көп адамдар не бауырларымен тату емес, не болмаса өмірдің қандай да бір соқпағында бір-біріне қолдау көрсетпейтін болып кеткен. Көпшілігі «өзім, өзім» деген қағидамен өмір сүріп кетті. Сондай нәрсені халыққа әзіл сериал ретінде жеткізсек дейміз, ойлана білген адамға біраз керек дүниені табуға болады деген ойдамын», – дейді актриса Ақерке АРЫС.
15 бөлім түгелдей көрерменді кейіпкерлермен бірге қуантып, бірге мұңайтып, дүниетанымын өзгертіп, шарықтау шегін тағатсыздана күтетіндей етіп құрылған.
Ал арнамыздан көрерменге жол тартатын екінші туынды – «Эппл Сити» скетчкомы. Атауы айтып тұрғандай, барлығы Алматы қаласы туралы болмақ. Басты кейіпкерлер де әр түрлі. Үлкен шаһардағы оқиғалар әрқайсысына әрқалай әсер етеді. Скетчком көрерменді еріксіз күлдіреді. «Алматы» арнасынан жаңа телевизиялық туындыларды асыға күтіңіздер.
Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» теларнасы