Алматыда әлемдік фотожурналистика үздіктерінің суреттер көрмесі ашылды

Алматыда әлемдік фотожурналистика үздіктерінің суреттер көрмесі ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл сайынғы World Press Photo-2018 көрмесі ашылды. Халықаралық адам құқықтары күніне орай ұйымдастырылған шарада әлемдік фотожурналистика байқауы жеңімпаздарының ең үздік фотосуреттері қойылды. 125 елден келген туындылардың қайсысы қазылар алқасының көңілінен шықты?  

Соғыс. Әділетсіздік. Қорғансыздың күні. Көрмеге қойылған суреттердің басым көпшілігі осы тақырыптарды арқау еткен. Биыл қазылар алқасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген 4 жарым мың фотосуретшінің 73 мыңға жуық суретін бағалапты. Солардың ішінен талантымен тәнті еткен 42 адам жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына ілікті. Халықаралық байқауға қазақстандық фотожурналистер де өз жұмыстарын ұсынған. Дегенмен, отандастарымыздың фотосуреттері үздіктер қатарынан көріне алмаған.

«Өкінішке қарай, қазақстандық фотосуретшілердің жұмыстары үздіктер қатарына ілікпеді. Енді жеңімпаздардың туындылары қойылған бұл көрме жергілікті фотографтарға шабыт береді деп ойлаймыз. World Press Photo-ның Халықаралық адам құқықтары күніне орайластырылуы бекер емес. Әлемде әлі күнге дейін адам құқықтары тапталып жатады. Біздің мақсат – осы мәселеге қоғамның назарын аударту», – деді Нидерланд корольдігінің елшісі Нора ДЕССИНГ.

Әлімдік фотоөнер байқауында «Жылдың фотосуреті» бас аталымын Венесуэладан Роналдо Шемидтің жұмысы жеңіп алды. Оның фотосуретінде 2017 жылдың 3 мамырында Каракастағы үкіметке қарсы бұқаралық шеру кезінде газтұтқыш киіп, жүгіріп бара жатқан 28 жасар Хосе Виктор Саласар Балсаның бейнесі түсірілген.


«Дәл осы суреттің үздік деп таңдал себебі, бұл тек жанып бара жатқан жас жігіттің бейнесі ғана емес, фотосурет Кубаның өзі де қазіргі уақытта оттың ортасында яғни, кризисте екенін көрсетеді. Жалпы, биылғы суреттердің сапасы өте жоғары деңгейде болды. Әр суретте бір тарих жатыр деуге болады. Тәуелсіз қазылар алқасына мыңдаған суреттердің ішінен ең мықтыларын таңдау оңайға соқпады», – деді World Press Photo көрмесінің тәлімгері И Вен СЬЯ.

World Press Photo – бұл фотожурналистика саласындағы ең беделді халықаралық байқау жеңімпаздарының жұмыс көрмесі. Кәсіби фотосуретшілерден және БАҚ фоторедакторларынан тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін фотожурналистердің, агенттіктердің, газет пен журналдар үміткерлерінің жұмыстарын 9 түрлі санатта бағалайды. Биылғы көрме осы уақытқа дейін 45 елде көрсетіліп, оны 4 миллионға жуық адам тамашалап үлгерді.

Бұл көрмені алматылықтар мен қала қонақтары Орталық мемлекеттік мұражайдан 2 апта бойы тамашалай алады. Одан соң 14 желтоқсанда халықаралық көрме Камбоджаға атттанады. Ал, World Press Photo көрмесінің 2019 жылғы байқауына фотосуреттерді қабылдау 3 желтоқсаннан басталады.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров