Елімізде жасырын төлемдерге тыйым салынуы мүмкін

26.09.2018 22:55

Мәжіліс депутаттары ТМД елдері арасында қылмыстық істердің дәлелі саналатын есірткі, психотроптық заттар, қару мен жарылғыш заттарды  беру тәртібі туралы хаттаманы мақұлдады. Бұл құжат көршілес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қылмыстық істерді жұмыла шешуге көмектеседі дейді Ішкі істер министрі.  

«Біздің жедел іздестіру топтарымыз біршама қиындыққа тап болып жатады. Ел шекарасы арқылы кез келген есірткі мен қаруды өткізу қылмыс саналады. Сондықтан осы келісімді қабылдап жатырмыз. Мысалы, Павлодарда адам өлтіру дерегі тіркелді. Пайдаланылған қару Ресейден ұрланған. Бірақ оны Ресейге қайтара алмай отырмыз. Өйткені, ол заңға қайшы келеді. Енді осындай мәселелер шешімін табады деген ойдамын», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Ал Қазақстанда жасырын төлемдерге тыйым салынуы мүмкін. Қазір еліміздегі белгіленген заңнамаға сәйкес, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жасырын төлем жасауға рұқсат берілген. Министр Қасымов мұндай шара есірткі бизнесіне тосқауыл қоюға септеседі деген ойда.

фото Kazday.kz