Алматы зообағының коллекциясы Қызыл кітапқа енген құстармен толықты. Бір қызығы, жаралы аққу мен қанаты сынған қарақұсты аң-құсқа жанашыр қарапайым адамдар әкеліп өткізді. Құстардың бірі Алматы облысынан, ал тағы бірі Өскемен қаласынан табылған. Қанаттылардың қазіргі жағдайы қалай? Зообақта оларға қандай көмек көрсетіледі?
Алматы облысынан табылған бұл жаралы аққу жылы жаққа ұша алмай, тобынан қалып қойыпты. Бір жарым айдан бері жалғыз жүрген оны ауыл тұрғындары байқаған. Кейін бірден жануарларды қорғайтын ұйымға хабарласыпты. Өйткені, күн күрт суытқандықтан таудан ағатын судың қатуына бар болғаны 6 метр қалыпты. Жалғыз аққуды алуға ең алғашқылардың бірі болып Хайуанаттар бағы ниет білдірген. Қазір құстың жағдайы жіті бақылауда.
«Бүгін бізге сыбырлақ аққу алып келді. Ол ұша алмай қалған екен. Біз қазір оны тексеру үстіндеміз. Енді 30 күн бізде карантинде тұрады. Содан кейін оны аққулардың, құстардың қатарына қосамыз. Биыл зоопаркке 10-нан астам түрлі құстар келді», – деді Алматы зообағының ветеринар дәрігері Касира ҚАЛАНҚЫЗЫ.
Ал 1200 шақырымды артқа тастап Алматыға жеткен өскемендік Светлана Иванова қораптағы қыран тектес қарақұсты үйінде 1 ай бойы баптаған. Қанаты қос жерінен сынған құсты таныстары тауып алыпты. Жыртқыш құсты өзіне қалдыра алмаған келіншек оны туған қаласындағы зообаққа да апарған. Бірақ олар қабылдамапты. Құсқа жаны ашыған Светлана Иванова Қызыл кітапқа енген құсты хайуанаттар бағына беру үшін арнайы Алматыға алып келді.
«Бір танысым хабарласып, қалаға жақын маңдағы таудан құс тауып алғанын айтты. Оған бірден үйге әкел дедім. Кейін оның сирек кездесетін қыран тектес қарақұс екенін анықтадық. Өскемендегі зообақ алмағандықтан, Алматыға әкелуге тура келді. Өйткені, құстың қанаты қос жерінен сынған. Мамандардың көмегі керек. Мен қолдан келгенше тамақтандырып, бақтым», – деді Светлана ИВАНОВА.
Бір ай ішінде жыртқыш құсқа бауыр басып қалған Светлана Иванова 12 жылдан бері зоодүкенде сатушы болып істейді. Сондықтан жануарларды жақсы көремін дейді. Тіпті, құсты жылы жерге орналастырып кету үшін уақытын да, қаражатын да аямапты. Енді алыс жолдан келген құс бір ай ветеринар дәрігерлердің қарауында болады. Қанаты рентгенге түсіріліп, алдағы күндері ота жасалуы да мүмкін.
«Қанаты екі жерден сынған. Түсірген кескінді бізге берген жоқ. Құры анықтама ғана берген. Өзіміздің рентгенолог келіп жасайды. Одан кейін ота жасап, ары қарай қалай болатынын көреміз. Дегильментизация, вакцинация, витаминизация сияқты шаралар жүргізген соң, қан алып зертханаға өткіземіз», – деді Алматы зообағының ветеринар дәрігері Ерден ШӘКІБАЕВ.
Алматы зообағының коллекциясында 3 қарақұс бар. Олардың бірі аталық болса, қалғандары аналық. Ең үлкенінің жасы 30-да. Оларды халық Хайуанаттар бағына өздері әкеліп өткізген.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы