Алматылықтар автобуста отырып-ақ, ЖИТС-ке тегін тексеріле алды

Алматылықтар автобуста отырып-ақ, ЖИТС-ке тегін тексеріле алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар ЖИТС-ке тексерілу үшін жаппай автобусқа мінді. 

Бүгін дәрігер толы арнайы қоғамдық көлік Төле би мен Момышұлы көшелерінің бойымен жүріп отырып, Достық даңғылына дейін барды. Олар аялдама сайын тоқтап, халықты тегін СПИД-ке тексерді. Онымен қоса, жұртты жетер жеріне дейін тегін жеткізіп салды.

Дәрігерлердің айтуынша, заманауи медицинаның арқасында, тестілеудің нәтижесін білуге бар-жоғы, 20 минут жеткілікті. Тест ауызқуысындағы шырыштан алынады. Ал акцияға 115-тен аса адам қатысқан. Жалпы, ЖИТС-тің алдын алу айлығы 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғасады.  

«Тесттен өтудің ең басты қағидасы – еркіндік деп айтамыз. Әркім өз еркімен ғана өтеді. Ешкімді тесттен өтуге мәжбүрлеуге құқығымыз жоқ. Сондықтан біз адамдармен әңгіме жүргіземіз. Психо-әлеуметтік кеңестер береміз. Егер адам өз еркімен өтуге келісім беріп жатса, біз ол кісіні тесттен өткіземіз. Тесттен кейін мамандарымыз кеңес жүргізеді. Тесттің нәтижесін түсіндіреді. Және АИТВ инфекциясы жайлы ақпарат береді», – деді Алматы қаласы ЖИТС орталығы алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айнұр ЖАНДЫБАЕВА.

Республикада иммундық дефицит вирусымен ауыратын 30 мыңнан аса адам тіркелген. Ал Алматы қаласы бойынша барлығы 5 мыңнан астам адам осы дерт бойынша тіркелсе, жыл басынан бері АИТВ инфекциясының 300-ден астам жаңа оқиғасы анықталыпты.

«Әркім өз мәртесін білгені дұрыс. ЖИТС-ке қарсы тексеруден өту соншалықты қиын емес. Бұл тіпті қорқынышты да емес. Мен де тексеру кезінде осы дертке шалдыққанымды білдім. Басында қорыққаным рас. Ауыр кеселмен ауырғаныма бірнеше жыл болды. Дегенмен, өзімді өзгеден кем санамаймын. Тиісті ем-дом алып, қызықты өмір сүріп жатырмын. Денсаулыққа бей-жай қарамай, тегін акциялар болса қатысқан дұрыс», – дейді Салават есміді тұрғын.


Новости партнеров