Алматыда жеке тасымалдаушылар әкімдіктен жол ақысын 150 теңгеге көтеруді сұрауда

Алматыда жеке тасымалдаушылар әкімдіктен жол ақысын 150 теңгеге көтеруді сұрауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жеке тасымалдаушылар әкімдіктен жол ақысының бағасын көтеруді сұрап отыр. «Әбден тығырыққа тірелдік дегендер не болмаса шығынды жергілікті бюджет қаржысынан субсидияласын», - дейді. Айтуларынша, баға соңғы рет 2012-ші жылы өзгерген. Есесіне осы уақытта жанармай, газ бен автобусты жөндеу қызметтері қымбаттап кетіпті. Бүгін атқамінерлер көпті алаңдатқан мәселеге қатысты жауап берді.

Алматыда 18 жеке тасымалдаушының басын қосқан қауымдастық әкімдіктен жол ақысының бағасын көтеруді сұрап отыр. Айтуларынша, кәсіпкерлерге "Оңай" картасы арқылы төленетін 80 теңгенің тек 72 теңгесі қалтаға түседі. «Бұл автобусты техникалық тұрғыда жабдықтап, жаңартуға, тіпті жүргізушілердің еңбек ақысын көтеруге де жетпейді», - дейді қауымдастық өкілі. Ал, қалада 6 жылдан бері жол бағасы өзгермепті. Есесіне, жанармай бағасы 80 пайыз, газ 112 пайызға шарықтап кеткен.

«Жаңарта алмай жатырмыз. Біз жаңа көлік алудан бұрын, жаңа көлік алмақ тұрмақ біз толық қыстық дөңгелек ала алмадық. Халықтың шамасына сай билік баға қояды. Бірақ, сонда да айырмашылығын заң бойынша олар тасымалдаушыға қайтарып тұруы керек. Сонда тасымалдаушы уақытында жаңартуын жүргізеді. Керекті қызметтік техникаларын атқара алады», - деді Алматы тасымалдаушылар қауымдастығының президенті Сәбит АМАНБАЕВ.

Қауымдастық «Алматыда халықтың тек екі жарым пайызы ғана қоғамдық көлікке 150 теңге төлейді», - дейді. Басым бөлігі үнемдеу үшін "Оңай" картасы арқылы 80 теңге, қалғаны жеңілдікпен қатынайтын көрінеді. Оған қоса, тасымалдаушылар қазір 300 шақты автобустың құры тұрғанын айтып отыр. Өйткені, айлығы аз жұмысқа жүргізушілер таппай жүр. Енді құрдымға кеткелі отырмыз деген кәсіпкерлер жол бағасын 150 теңгеге дейін көтерілуін ұсынады. Немесе әкімдік қала бюджетінен субсидияласын дегенді алға тартады.

«Біздің Алматыдағы 17-ші жылдың жалпы нарық көлемі 21 млрд теңге жиналады. 266 млн жолаушы қолданады жылына. 21 млрд теңге жиналады. Бірақ сапалы, қажетті қызмет өзі мемлекеттік талап бойынша көрсету үшін 39 млр теңге қажет. Жиналатын 21 млрд пен 39 млрд арасы 18 млрд субсидиялау қажет», - деді¤ Алматы тасымалдаушылар қауымдастығының президенті.

Қазақстанның үлкен 16 қаласында 6 жылдан бері бірнеше рет тариф өзгерген. Қазіргі таңда жол бағасы Өскемен, Қызылорда мен Астана қалаларында 90 теңге, ал 1-ші ақпаннан бастап Қостанайда 100 теңгеге өскен. 

«Былтыр тамыз айынан бастап біз мына әр тараптандырылған дифф тарифті енгіздік. Оның сыртында биылдан бастап 44 маршрутке субсидия төлеп отырмыз. Осындай мәселелердің арқасында биліктің қабылдаған шешімдерінің арқасында осы 80 теңгелік тарифті ұстап келетіндей осы уақытқа дейін сондай мүмкіндік болды. Ал, дәл қазір оны көтеріледі ме немесе қаншаға көтерілетіні туралы мен сіздерге ешқандай мәлімет бере алмаймын. Өйткені, айтып отырмын ғой 2 күн бұрын ғана түсті», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Әзірге Алматыда жол ақының қашан және қанша теңгеге қымбаттайтынын белгісіз. Қауымдастық жазған хат Алматы әкімдігіне түсті. Онымен мамандар танысып, мәселені май шаммен қараған соң ғана шешім қабылданады. Ал соңғы нүктені қалалық мәслихат шамамен 2 айдан кейін қояды.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров