Биыл Алматыға 800 мыңға жуық турист келген

Биыл Алматыға 800 мыңға жуық турист келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыға 800 мыңға жуық турист ат басын бұрған. Бұл елімізге қыдырып келген қонақтардың тең жартысы. Мамандар алдағы жылдары бұл сандар еселенеді деп отыр. Қалада 2018 жылы қолға алынған 4 жоба саяхатшылардың көбірек келуіне септігін тигізеді деп отыр мамандар.  Бұл қандай нысандар? Және олардың құрылысы қашан аяқталады?

Сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай болашақта айрықша етіп салынбақ. Ол Розыбакиев пен Штраус көшелерінің қиылысында орналасады. Архитекторлар тарихи мұраны сақталған аналогтарына қарап қайта қалпына келтіреді.

«Орталықтан табылған бұл қорғанның осы күнге дейін сақталып қалуы таңғаларлық жағдай. Алайда, бұл жердің тұрғындары қорғанды барлық жағынан қазып, тастарын үйлеріне алып кеткен. Енді соның бәрін жинап, қайта қалпына келтіруіміз керек. Бұл нысанның әр қабатында көрме залдары болады», – деді архитектор Бек ИБРАЕВ.

Бұл – Алматыға туристерді тарту үшін қолға алынған жобалардың тек біреуі ғана. Мегаполисте бұдан өзге тағы 3 үлкен туристік нысанның құрылысы келер жылы басталмақ. Оның төртеуі де 2020 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Шетелдік туристерді көбінесе, этникалық мәдениет қызықтырады. Сондықтан Алматыда 4 үлкен туристік нысан салуды жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі – «Қазақфильм» аумағында орналасатын Этноленд кешені, одан кейін Розыбакиев көшесіндегі Сақ қорғандарының мұражайы, «Боралдай сақ қорғандарының» қорымы және Райымбек баба кесенесі. Осылардың ішіндегі ең үлкен жоба – Этноленд. Мұндағы мақсатымыз – тек шетелдік туристерге қазақтың көшпенді, көне тарихын көрсетіп қана қоймай, сол құндылықтарды келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру», – деді Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Биыл Алматыға туристердің келуі бойынша оң динамика байқалады дейді сарапшылар. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, биыл оңтүстік астанамызға 787 мың саяхатшы келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық көрсеткіш. Оның көбін ішкі туризм құрап отыр. Ал жаңа нысандардың салынуы алдағы жылдары туристер ағынын бірнеше есеге еселейді дейді сала мамандары. Жалпы, биыл Қазақстанға келген шетелдік туристердің жартысына жуығы, яғни 43%-ы Алматыға ат басын бұрған.

«Мәселен, Райымбек баба кесенесіне жыл сайын 30 мың адам келетін болса, жаңғырту жұмыстарынан соң 600 мыңға дейін турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Ал Этноленд бойынша жылына 1 миллионға дейін турист қабылдай аламыз. Жалпы, бұл нысандар үлкен туристер ағынын әкеледі. Сондықтан туристерді тартатын турпакеттерді қазірден бастап дайындауымыз керек», – дейді Мақсат ҚИҚЫМОВ.

2018 жылы Алматыда тау кластерін дамыту, туристік өнімдерді әзірлеу бойынша бірқатар жұмыстар істелді. Оның ішінде, ұлттық парктерді, қалалық бағыттарды дамыту және жаңа ақпараттық нүктелерді ашу жобасы да бар. Бүгінде қаламызда 7 ақпараттық пункт бар. Осы жылдың өзінде ол орындардан 27 мың турист кеңес алған. Олар негізінен, Ресей, Қытай және АҚШ азаматтары. Тағы бір жаңалық – қараша айында мегаполисте Орталық Азия аймағындағы жалғыз туристік хаб ашылды.

«Биыл біздің басты мақсатымыз – ішкі туристерді тарту болды. Нәтиже де жаман емес. Оң динамика байқалды. Ішкі туризм 17 пайызға өскен. Оған қоса шет елдерден келген 500 мыңдай туристті қабылдадық. Туристер Алматының кеңестік кезеңнен қалған архитектурасына қызығады. Ішкі туристер көбінесе сауда үйлері мен ойын-сауық орындарына барғанды ұнатады. Ал шетелдік туристер қаладан гөрі өңірлерге, Шарын шатқалы, Алтынемел, Көлсай көлдері, Алматы үлкен өзені мен Медеу мен Шымбұлақ сынды көрікті жерлерді көргісі келеді», – деді «Visit Аlmaty» туристік ақпараттық орталығының директоры Алия ЗАКИЕВА.

2018 жылы елімізге келген туристердің ең үлкен ағымы Ресей Федерациясынан келіпті. Екінші орында Қытай азаматтары болса, үшінші орында – Өзбекстан мен Қырғыз республикаларынан келген туристтер.

Айта кетейік, 2019 жылы елімізде, оның ішінде Алматыда туризмді дамыту үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Әсіресе, қалаларды туристерді қабылдауға дайындау мен инфрақұрылымды жақсартуға мән берілмек. Және келер жылы туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бекітіледі. Оның негізгі мақсаты – туризмнің ЖІӨ-ге қатысты үлесін 8%-ға дейін ұлғайту. Өйткені, туризм – сауда, өнеркәсіп, қаржы секторы, құрылыс, көлікпен қатар экономика драйверлерініӊ бірі. Және халықты жұмыспен қамтудың ең тиімді тетігі осы дейді мамандар.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров