Елімізде балалар танымын кеңейтетін виртуалды карталар пайда болды

16.10.2018 23:00

Қазақстанда тұңғыш рет 360 градус форматында бейне түсіретін көзілдірік пайда болды. Өнертапқыш жастар балалардың танымын кеңейтіп, шығармашылығын дамытатын «Жануар 4D» карталарын жасап шықты. Тың дүниелер Алматыда өткен «NewERA» виртуалды шындық технологиясының көрмесінде таныстырылды.

Балаларға арналған «Жануар 4D» және «Бақша 4D» атты виртуалды карталардың Қазақстанда баламасы жоқ. Жоба авторларының айтуынша, аталмыш қосымша жеткіншектердің ақыл-парасатын жетілдіруге үлес қосады. Мобильді қосымшаны жүктеп, телефон камерасын карталарға қаратсаңыз, суреттегі жануарлар өмірдегідей «тіріліп» шыға келеді. Яғни, суреттегі жануар қозғалып, бала оны жан-жағынан тамашалай алады. Тіпті, дауысы мен  қалай қозғалатынына дейін көрсетіледі. Оған қоса, сол жануардың атауы үш тілде жазылып тұрады. Бұл өнімді әзірлеуге 6 айдай уақыт кетіпті.

«Бұл технологияның өзі жаңа әрі ерекше болғандықтан балалар үшін де, ересектер үшін де қызық. Ұстаған кісі бірден ойнап кеткісі келеді. Бұл да қазіргі технологияның жетістіктері ғой. Қарапайым картон телефондағы арнайы қосымша арқылы қарағанда голограмма арқылы жаңа дүниеге айналып шыға келеді. Ерекше қызыз болғандықтан, бұл карталар халық арасында кеңінен танымал болып жатыр», – дейді «Sana Аcademy» программалау мектебінің жоба-менеджері Нұрсұлтан ӘЖІМҰРАТОВ.