Алматыдағы сауда орталықтарында ақылы мұз айдындары ашылды

Алматыдағы сауда орталықтарында ақылы мұз айдындары ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сырғанау алаңдарының саны артуда. Ақылы мұз айдындары сауда орындары жанынан салынып жатыр. Осы арқылы сарапшылар кәсіби ғана емес әуесқой спортшылардың көбеюіне де мүмкіндік туатынын алға тартады. Одан бөлек, тегін коньки тебуге арналған алаңдар да жұмыс істейді. Қазіргі таңда алып шаһарда 10-ға жуық мұз алаңдары жасақталған.

Әнші Тұрар Рахымберлин әр демалысында коньки тепкенді әдетке айналдырған. Бұған дейін ол көбінесе «Медеу» мұз айдынына барып сырғанаса, қазір сүйікті спорт түрімен айналысу үшін алысқа барудың қажет жоқ дейді. Бүгінде қалада сауда орындарының жанында мұз айдындары жұмыс істейді. Өнер иесінің айтуынша қазір қалада спорттың бұл түріне қызығушылар қатары артып келе жатқаны қуантады.

«Қалада сырғанау алаңдарының саны жыл сайын артуда. Қала әкімдігі мұндай бастаманы мықтап қолға алғаны құптарлық жайт. Оған қоса, коньки тебушілер де көбейіп келеді. Мен әсіресе, Атакент көрме орталығы алдында орнатылған сырғанау алаңына көп барамын. Сауда орындары жанында бой көтерген мұз айдындарында коньки теуіп тұрамын. Бала кезімнен бұл спорт түріне қызығушылығым бар», – деді әнші Тұрар РАХЫМБЕРЛИН.

Сауда орталықтарында ашылған ақылы сырғанау алаңдарының жалпы саны төртеу. Олар Назарбаев даңғылы мен Жолдасбеков көшесі және Абай даңғылы мен Алтынсарин даңғылының қиылысында, Түрксіб ауданында «Mart» пен «Mega Park» сауда орталығында ашылған. Барлық алаң жанында тамақтану дүкендері мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де жұмыс істейді.

«Қала тұрғындарының арасында спортты, коньки тебуді насихаттауды қолға алдық. Сондай-ақ, жасөспірімдердің арасында спортқа деген сүйіспеншілікті арттыру, осы қаламыздағы кәсіпкерлерге талпыныс беру, тұрғындардың жалпы өзін-өзі дамытуына, экономикамыздың өсуіне әсер ету мақсатында осындай мұз айдындары ашылып жатыр», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Ерлан ОМАРОВ.

Ақылы сырғанау алаңында конькиді жалға алу құны – 500 теңге, кіру ақысы да сондай. Мұз айдындары таңғы сағат 11-ден түнгі 22:00 дейін жұмыс істейді. Сырғанау алаңдары қыс мезгілінің соңына дейін қызмет етеді. Мұз айдындары жаппай сырғанау, шорт-трек, коньки тебу, мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерін қала тұрғындары арасында дамытуға бағытталған. Сондай-ақ тегін мұз айдындары да бар. Бүгінгі күні алып шаһарда 5 мұз алаңы жасақталған.


Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров