Смағұл Елубай: «Отаршылық заманнан қалған атаулар өзгеруі тиіс»

10.01.2019 23:03

Жазушы, драматург Смағұл Елубай Алматыдағы жер-су атауларының қазақшалануын тәуелсіздіктің талабы дейді. Оның айтуынша, шаһарда Кеңес заманы былай тұрсын, сонау патшалық үкіметті еске түсіретін атаулар әлі бар екен.

Еске салайық, күні кеше қала басшылығы 27 шағынауданның атауы өзгергені туралы ресми мәлімдеген болатын. Олардың біразы ескірген орысша атаулар болса, қалғандары бірін-бірі қайталайды. Мәселен, қалада «Алғабас» деген 6 шағынаудан бар. Сол секілді «Дубок», «Каменка», «Школьный» секілді атауларды да бірнеше рет кездестіресіз.

«Алматыда шағынаудан болсын, көше болсын – КСРО кезінен, тіпті патшалық кезеңнен қалған атаулар бар. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін мемлекеттік тілдің болмысына, рухына сай өзгерістердің болуы заңдылық, бұл өте дұрыс. Отаршылық заманынан қалған атаулар өзгеруі керек. Бұл – уақыттың, заманның, тәуелсіздіктің талабы», - дейді жазушы Смағұл Елубай.

Жаңа атаулар қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен 39-шы сессиясында мақұлданған. Ономастикалық комиссия өкілдерінің айтуынша, шағынаудандарға жаңа атау беру ұсынысын жергілікті тұрғындардың өздері көтерген екен.

«Жаңа атаулар өзіміздің қазақи, ұлттық танымдық атаулар. Ежелгі атауларды ұсындық. Соны жалпы жастарға насихаттау барысында әрі солардың бойына сіңіру үшін, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін жасалып жатқан үлкен бір жұмыс», - дейді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген Қалабай.