Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин биылға және келесі жылға арналған республикалық бюджет қаралымында Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысын сынады. Жеңіс Қасымбек басқаратын ведомство өкілдері қарызға алған немесе мемлекет берген бюджетті толық игермейді, жұмысты соңына дейін аяқтамайды екен. Мәжіліс спикері бұл жайт адамның сол қолының не істеп жатқанын оң қолының білмегенмен бірдей деді.
Күні кеше ғана Үкіметте министрліктер мен аймақтар игермеген қаржы жайы сөз болса, мәжілісте шенеуніктер 2018-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтыруларды қарастырды. Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың баяндамасын тыңдаған Нұрлан Нығматулин өз наразылығын білдірді. Мәжіліс төрағасын ведомствоның жолдарды салу мен жөндеуге өзгеден қарыз алып, республкалық бюджетті қысқартуы, онымен қоса, сол жолдарды белгісіз себептермен толық аяқтамауы ашуландырды.
«Сіздің министрлігіңіз жолды жөндеуге арналған қарыздарды ең көп алған. Соны білесіз бе? Қарызды аласыздар, мемлекетке жұмысты арттырасыздар. Солай бола тұра, мемлекеттік бюджетті біз қысқартып келеміз. Бұл бюджетті жоспарлаудың ең ақымақ жолы. Бізде сол қол оң қолдың не істеп жатқанын білмейді. Министрлік қол қояды, кейін бара мемлекеттің ақшасынан бас тартамыз, сосын құрылыстан бас тартамыз. Бұл не деген бассыздық?!», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Ал ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек жұмыс бабымен басқа елге кетіпті. Министр келісімен осы жағдайды тез арада пысықтаңдар деді Нығматулин. Өйткені, жолдарды халық асыға күтуде-міс. Министр Қасымбектің оң қолынан өзге, Білім және ғылым министрлігі де ескерту алды. Нақты айтқанда, депутат Кәрібай Мұсырманның қазақ тілінде ведомство шығыстарына қатысты сауалына вице-министр Бибігүл Асылова орысша жауап берді. Бұл мәжіліс төрағасына ұнамаса керек, ол шенеунікке мемлекеттік тілді үйренудің уақыты келді дегенді айтты. Ал Мәдина Әбілқасымова сөз естіген жоқ, ол басқаратын министрлік биыл 17 миллиардқа жуық қаржыны мемлекетке кері қайтарады. Неліктен екенін өзі түсіндіріп өтті.
«Біздің министрліктің бюджеті – 2 триллион 600 миллиард. Оның көп мөлшері әлеуметтік төлемге жұмсалады. Біздің төлемдерімізді санағанда соңғы 5 жылда адам санының өсуі, болашақтағы демография болжамы мен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаперге алынады. Биыл біз 16 миллиард 890 миллион теңгеге өз шығынымызды азайтамыз. Өйткені, осы төлемдерді алатындардың қатары 71 мыңнан артық адамға қысқарды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.
Мәжілістегілер қолдаған құжатта Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қосымша 29,7 миллард теңге бағытталады. 84 миллиард теңгеге жуық сома Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында берілген тапсырмаларын жүзеге асыруға көзделген. Сонымен қатар, нақтыланған бюджетте құрылыс салу мерзімінен озып кеткен жобаларды қаржыландыру да бар. Осылайша, 9,8 миллиард теңге білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын-үй салу, газдандыру нысандарын салу бойынша жалғастырылған жобаларды соңына дейін аяқтайды.
Ал республикалық қаржыдан қарапайым жұрттың қаржысына келсек, құрдымға кеткен банктер, яғни «Астана Банкі», «Эксим Банк», «Қазақ Банкі салымшылары еш уайымдамаса болады. Қаржы ұйымдары «келмеске кетті» деген сот үкімі шыққан соң екі аптадан кейін азаматтар ақшаларын толықтай қолдарына алады екен.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана