Алматыда орналасқан ЛА-155/18 түзету мекемесінің күту залы «Open space» форматы, яғни қабырғасы жоқ, ашық алаң етіп қайта салынады. Басталған жөндеу жұмыстары Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталмақ. Ал қаладағы аудандық Ішкі істер басқармаларында 12 фронт офис пен 3 тексеру пункті бой көтереді. Алып шаһарға жұмыс барысымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңес бірнеше нысанға бас сұқты.
Алматының даму қарқыны мен атқарылып жатқан қыруар тірлікті көруге Астанадан Қоғамдық кеңес мүшелері келді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық қарсы агенттік жанынан құралған ұйым алдымен Құқық қорғау қызметтері орталығымен танысты. Алматыда келесі жылдан бастап қылмыстық істер тек электронды түрде жүргізілмек. Бұл біріншіден, уақыт үнемдейді, одан соң том-том істердің жоғалып кетпеуіне септеседі.
«Планшеттер сатып алып жатырмыз. Бәрі автоматты түрде болады. Оларды ІІД-не, прокуратураға қоямыз. Келесі жылдың 1 қаңтарына дейін жүз пайыз электронды форматта болуы керек. Бұл бір де бір құжат жоғалып кетпеуі үшін жасалып жатқан қадамдар», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.
Алматыда 2018-2021 жылдар аралығында қоғамдық орындарда 1 мыңдай бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Бұл үшін бюджеттен 8 миллиардан астам қаржы бөлінді. Бұл қылмыс санын азайтады деп сендірді қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов. Сондай-ақ, осы аралықта жол қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған 140-тан астам пост орнатылады.
«Бізде 156 камера болған. Олар 2000-шы жылдары орнатылған. Енді олардың бәрі ескірді. Сапалары да төмен. Қазір қолға алған жобамызды аяқтап қалдық. Желтоқсан айында жобалық-сметалық құжаттамасы дайын боладыы. Қаңтар айында конкурс жариялап, ақпанда құрылыс жұмыстарын бастаймыз», – деп атап өтті Ерлан ӘУКЕНОВ.
Одан кейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сұрақтары бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Жетісу аудандық салық басқармасына барды. Жаңартылған мемлекеттік мекеме бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда электронды кезек, екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» кассалары бар.
«Өткен жылдан бері толықтай кедіргісіз жұмыс істеу принципіне көштік. Жаңартылған форматқа Алматыдағы Жетісу, Медеу, Алатау және Наурызбай аудандарын ауыстырдық. Алдағы жылы қалған 4 ауданды көшіріп, жұмыстарды аяқтаймыз. Оған қоса, Грузияның тәжірибесін алып, дөңгелектегі мобильді офис жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз», – Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат БАЛТАБЕКОВ.
Астаналық қонақтар кейін Алматыда жаңадан ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының үйіне арнайы барды. Ізін ала Open Almaty қоғамдық қабылдау және Smart point коворкинг-орталықтарының жұмысынан хабардар болды. Ал ІТ-мамандары «Смат-сити» жобаларымен таныстырды. Кейін мемлекеттік қызметтің сапасы мен сандық жүйеге өту жайында қалалық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, талқыласты.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс сапары барысында жұмыспен қамту орталығына және Алматының көлік холдингіне де бас сұқты. Алматыдағы бірнеше мемлекеттік мекеменің жұмысымен танысқан делегация тәжірибені еліміздің өзге өңірлеріне енгізу мәселесін көтермек.
«Алматыдағы жұмыс сапары барысында Қоғамдық кеңестің мүшелері біраз мемлекеттік мекемеге бардық. Қалада көптеген мәселенің оң шешімін тапқанын көз көрді. Тіпті алдағы уақытқа жоспарлары да бар екен. Осы мақсаттар орындалса, онда ташама. Құқық қорғау қызметтері орталығы, салық басқармалары халыққа ыңғайлы етіп жасалған. Бейнебақылау камераларын орнату да оң бастама», – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметі мәселелері бойынша қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан ҚАНАЕВ
«Мақсат – Алматының цифрландыру тәжірибесін, мекемелер қызметтерін азаматтарға, тұрғындарға қолжетімді жасау ғой. Осы тәжірбиені басқа да қалаларда, басқа облыстарда да жариялап, таныстырып, үйретіп, осында көріп кетуге болады. Әлі алда істейтін жоспарлары бар екен. Біз шетелдерге шығып жүргенде осындай жүйелерді зерттеп, қарап жүрміз. Оның көбі осында енгізіліп жатыр», – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметі мәселелері бойынша қоғамдық кеңесінің мүшесі Мирболат ЖАҚЫПОВ.
Жадыра Омаржан, Рашид Ілиясов, Әсет Құндабаев, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы