Қазақстандықтардың тұрмысы мен табысын жақсартуға Үкіметтен 1 триллион 800 миллион теңгеден артық қаржы бөлінеді. Елбасы жолдауындағы айтылған тапсырманы орындауды шенеуніктер үш жылда аяқтамақ. Қаржы министрі Әлихан Смайылов елімізде орташа айлық жалақысы 9,1 пайызға артады деді. Бұл өзгерістерді отандастарымыз тек келесі жылдан бастап сезе бастайды.
Шенеуніктер Жолдауды орындауға етене кіріскен. Әлихан Смайыловтың сөзінше, үш жыл ішінде Елбасының айтқан тапсырмаларына 2 триллионға жуық қаржы қарастырылған деді. Үкімет аталған соманың 1 трлн 200 млрд теңгесін бөлсе, республикалық бюджеттен 966 млрд теңге алынбақ. Бұл қомақты қаржы отандастарымыздың тұрмысы мен табысын жақсартуға көзделеді. Біріншіден, ең төменгі жалақыны көтеруге 3 жылда 288 млрд теңге бөлінеді. Екіншіден, орташа айлық жалақы 9,1 пайызға өседі. Инфляцияны ескерсек, азаматтардың жылдық табысы 4,6 пайызға артады.
«Ең төменгі айлық жалақыны көтеру үшін 85,8 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл қаражат 275 мың қызметкердің айлығын өсіруге бағытталады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты ілгерлету үшін 500 млрд теңге бөлінеді. Ол қаражаттың 322 млрд теңгесі Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен бұрын бөлініп, қайта пайдаланылып жатқан қаражат. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін үш жылдың ішінде 300 млрд теңге жұмсалмақ», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Министрлік көлеңкелі экономикамен де күресті күшейтуге мықтап кіріспек. 2020 жылға дейін еліміздің сауда орындарында миллионан артық онлайн сауда-бақылау құралдары қойылады. Қазақстанда шағын және орта бизнес емін-еркін тыныстауы үшін 90 млрд теңге бөлу көзделген. Президент айтқан салық амнистиясы да сөз болды.
«Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестегі 90 мың кәсіп көзінің 294 млрд теіге салық қарызы жойылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер келесі жылдың соңына дейін мемлекет алдындағы негізгі борышын өтесе, 111 млрд өсімпұл мен 6 млрд-қа жуық айыппұлды да ұмытуға даяр», – деді Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Ал жиынға қатысқан Ұлттык экономика министрі енді мемлекеттік қызметтегілердің жалақысын арттыратынын айтты. Дәлірек айтсақ, әр жұмысшының деңгейіне, жұмысына және жинаған балына қарай айлығы өзгереді.
«Қызметті факторлы-баллды шкаламен өлшеу тәсілі енгізіледі. Басқарма немесе департамент мемлекеттік саясатты жүргізудің нағыз ортасында жүрсе, ақшаны қызметкерлері көбірек алады. Мәселен, мені департамент басшысы етті дейік. Мен өз жұмысыммен бірге, басқа да тапсырманы қосымша орындаймын. Бірақ өзге департамент басшысымен бірдей жалақы аламын. Бұл дұрыс емес. Біз халықаралық ұйым мен елдегі мемлекеттік қызметке агенттікпен сараптама жүргізіп, қызметкерлерді деңгейі, жұмысы мен баллы арқылы бағалау керек дегенге келдік. Демек, қай орган көп жұмыс істейді, соның ақшасы көп», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Жалпы Жолдау аясында алдағы бес жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы қарқынды жұмыс істейді. Осы мезгілде 2 млн адамды баспаналы ету үшін 80 млн шаршы метрге жуық құрылыс алаңы салынады. Ал қосымша жалға берілетін үйлердің құрылысына 30 млрд теңге бөлініп, осылайша 250 мың отбасы тұрғын үй мәселесін шеше алады. Білім нысандарын салуға үш жылда 50 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, мектептердегі психологтардың жұмысына үш жылдың ішінде мемлекеттен жыл сайын 5,6 млрд теңге бөліп отыру жоспарланған.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана