Алматыда Дінмұхаммед Қонаев атындағы мешіт ашылды

19.11.2018 23:06

Алматыда Дінмұхаммед Қонаев атындағы тұңғыш мешіт ашылды. Алла үйі Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ шағын ауданында бой көтерген.

Құрылысы 2014 жылы басталған мешіт Қонаев атындағы «Сауап» қоғамдық-қайырымдылық қорының қолдауымен тұрғызылды. Сондай-ақ, ғибадатхананы салуға қарапайым тұрғындардан бастап, қалталы кәсіпкерлерге дейін үлес қосқан.

Бір мезетте 2 мың 200 адам құлшылық ететін қос қабатты бұл нысанды салуға 180 миллион теңге жұмсалыпты. Жаңа мешіт Алматының орталық мешітінен кейінгі екінші үлкен мінажат үйі. Мұнарасының биіктігі 29 метрді құраса, жалпы ауданы – 1 600 шаршы метр.  

«Имамдар бөлмесі, әйелдер бөлмесі, оқу залы және 500-600 адам сыятын астыңғы қабаты бар. Астыңғы қабатта білім аламын деушілерге жеке сынып қарастырылған. Қазірдің өзінде мұнда білім алып жатқан кішкентай бүлдіршіндеріміздің және үлкен қарияларымыздың саны өте көп. Білім алып жатқан 40-50 шақты адам бар», – деді Д.Қонаев атындағы мешіттің ұстазы Талғат ӘБДІРАЗАҚ.

Төрт мұнарасы алыстан көзге түсетін мешіттің ашылу салтанатына жиналған жұртта есеп жоқ. Арасында Дінмұхамед Қонаевтың көзін көргендер де бар екен. Олар қалаға ерекше көрік беріп тұрған бұл Алла үйі жастарға рухани тәрбие беретін, теңдессіз орын екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, бұл – қалада бой көтерген 50-ші мешіт. Қазір Алматыда тағы 4 мешіттің құрылысы жүріп жатыр.