Бауыржан Байбек: Алматы – бизнесмендерге қолайлы қала

Бауыржан Байбек: Алматы – бизнесмендерге қолайлы қала
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы экономикасындағы шетел инвестициясы бір жылда 24 пайызға артты. Бүгін қалада дәстүрлі 6-шы Almaty Invest халықаралық инвестициялық форумы өтті. Маңызды шараға әлемнің 20 елінен 500 делегат қатысты. Осы ретте, отандық іскерлермен қоса өзге елдің қалталылары да оңтүстік астанаға ақша құйған тиімді екенін алға тартты.

Almaty Invest халықаралық инвестициялық форумы беделді саясаткерлердің, отандық және дүниежүзілік бизнестің көшбасшыларының, инвестициялық корпорациялар, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінің басын қосты. Бұл алаң түрлі саладағы ірі жобаларды талқылап, келісімшартқа қол қоюға таптырмас орын. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған форумда құны 1 миллиард долларға 40 меморандумға қол қойылған. Оның ішінде, 12 жоба қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп келеді.

«Алматы – шикізаттық емес экономикасы 35 миллиард долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің бірі. Алып шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің бесінші бөлігін және салық түсімінің 4/1 бөлігін береді. Жалпы, өңірлік өнім жан басына шаққанда 20 мың долларды құрайды. Қаламызға халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құюда. 10 жылда шаһарымызға 22,2 миллиард инвестиция тартылды. Биылғы жылы инвестиция көлемі 25 пайызға, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24 пайызға артты. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдарында мегаполис экономикасы 100 есеге, халық табысы 21 есеге артты», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматы бизнесмендер үшін өте қолайлы қала. Сырттан келген қаржыгерлерге де барлық жағдай жасалған. Тіпті, зауыт салып, өндіріс ашу үшін инфрақұрылымдары дайын, жер телімі беріледі. Индустриалды аймақта құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша отандық ірі және шетелдік 40 жоба жүзеге асуда. Олардың жалпы құны 600 миллион долларды құрайды. «Tokyo Rope Almaty» Токио қаржы биржасы рейтингісінде ең жоғары бағаны алған. Сондай-ақ, инновациялық технологиялар паркі еркін экономикалық аймағында 163 гектар аумақта жоғары технологиялық компаниялардың жұмыс істеуіне қажетті мүмкіндік жасалған.  

«Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру үшін біз қарапайым заттардың экономикасын белсенді дамытудамыз. Мысалы, жылдың соңына дейін KazTigerTape скотчтар мен пленкаларды өндіру, «КЕЛЕТ» газ қазандықтарын өндіру, «ИнтерМультиСервис» картон мен қағаз өндіру жобалары іске қосылатын болады», – деді Бауыржан БАЙБЕК.

Қала әкімі Бауыржан Байбек алып шаһарда анықталған құрылыс салуға болатын аймақты атап өтті. Оның ішінде, Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандарында бос жер бар. Болжам бойынша 70 шаршы шақырым тұрғын үй, әлеуметтік, өндіріс, кеңсе және сауда алаңдары қажет. Биыл «7-20-25» бағдарламасы аясында 2 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылады. Сондай-ақ инвестор мен турист тартуда сапалы медициналық қызмет көрсету жоғары маңызға ие.

«Бизнесте өнеркәсіп және жаңа кәсіпорындарды ашуға қаржы көп бөлінеді. Қазір тенденция бойынша әлеуметтік жобаларды жетілдіруге көңіл бөлінуде. Оның ішінде медицина, жол құрылысы, қала инфрақұрылым, білім беру нысандары бар. Инновациялық технологиялар да басым бағытқа ие. Біздің байқағанымызша, Алматы осы барлық бағыт бойынша дамып келеді. Алматының инвестклиматы өте тартымды. Мұнда көптеген халықаралық ұйымдар жұмыс істеп келеді», – деді Орталық Азия бойынша IFC аймақтық басшысы Кассандра КОЛБЕРТ.

Қалада соңғы 10 жылда 30 жол айрығы салынған. Жуырда тағы үшеуі қолданысқа берілмек. Одан бөлек, мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында Үлкен Алматы айналма жолы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіның құрылысы басталған. Жоба құны 1,4 миллиард долларды құрап отыр. Одан бөлек, алып шаһарда БРТ желісі жұмысын бастады. Осы арқылы автобус пен троллейбустар жүйіткіп, жолаушылар легі едәуір арта түспек. Сонымен қатар, жүргіншілерге арналған жолдар көбейген. Даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасына сәйкес, қаланы тұрғындарға қолайлы ету тұжырымдамасы сатылай жүзеге асырылып жатыр.

«3 жыл бұрын біз бизнеске кедергі келтіру керек емес екенін тек тілге тиек етіп жүрдік. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартқан. Қазір оның инфрақұрылым да, жобалау да жолға қойылған. Панфилов көшесінде ретсіз тұрған сауда орындары сүрілген. Бұл түсінбеушілік туғызуы мүмкін еді. Алайда, тұрғындарға жағдай жасалып жатқанын да бизнес өкілдері түсіну керек», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ.

Биыл Халықаралық инвестициялық форумға ТМД, Малайзия және АҚШ сынды елдерден 500 делегат жиналды. Шара бағдарламасына екі өзгеріс енгізілген. Инновациялық стартаптар көрмесі және Кремний даласының инноваторлары мен инвесторлары өткізген шеберлік сабақтары.


Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров