Елімізде Жаңа жылдан бері 39 адам кісі қолынан қаза тапқан

08.01.2019 23:08

Жаңа жылдың тек алғашқы аптасында Қазақстанда 39 адам қасақана өлтірілді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлімдеді. Көңіл көншітпейтін бұл статистикадан бөлек, маман ішкі істер органдарын реформалау жайын да айтты. Мәселен, штат саны қысқартылып, тәртіп сақшыларының жалақысы жоғарылайды.

Брифинг басында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов 2018 жылдың қорытындысындағы жағымды жаңалығымен қуантқан еді. Айтуынша, былтыр ауыр қылмыс 22 пайызға, ал аса ауыр қылмыс 12 пайызға төмендеген. Тонаушылық, бұзақылық, ұрлық-қарлық, қарақшылық шабуыл сияқты қылмыс түрлері де біршама төмендепті. Алайда, жыл басталмай жатып, өткен бір аптаның ішінде Қазақстанда 5 мың құқықбұзушылық орын алған. Жаға ұстатарлығы, жеті күннің ішінде елімізде 39 кісі өлімі тіркелді. Ал денсаулыққа ауыр зақым келтіруге қатысты 46 қылмыс фактісі анықталды. Жанат Сүлейменовтың айтуынша, кикілжің негізінен таныстардың, тума-туыстардың арасында, тұрмыстық сипатта орын алыпты. Мейрамдарды мерекелеу барысында араққа сылқия тойып, бір-бірінің өміріне балта шапқан.

«Бүгінге дейін адам өлтіруге қатысты 30 оқиға мен денсаулыққа ауыр зақым келтірудің 45 фактісі ашылып отыр. Жалпы, бұл күндері Ішкі істер органдарының құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Атап айтсақ, Ішкі істер министрлігінің 20 мың қызметкері, оның қатарында патрульдік полицияның 7 мың тәртіп сақшысы бар. Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге Ұлттық гвардияның бес мың сарбазы да тартылды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Брифинг барысында Жанат Сүлейменов, сондай-ақ, ішкі істер органдарында биыл орын алатын реформаларды да тілге тиек етті. Белгілі болғаны, штат саны 10 пайызға қысқарады. Мәселен, 450 жетекшіні қысқарту жоспарда бар екен. Мұндай оңтайландыру шарасы, өз кезегінде, тәртіп сақшыларының жалақысын жоғарылатуға сеп болады.

«Жалақы қызметкерлерді қысқарту кезінде үнемделген 16 миллиард теңге және қосымша бюджеттік қаржыны тарту арқылы көтерілмек. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігіне қарасты 12 оқу орнының бесеуі ғана қалатынын айтып өткен жөн. Қаңтар соңында 1200 адам оқуға қабылданып, жаңа әдістеме бойынша үш ай бойы дайындықтан өтеді. Полицейлердің қатарына тек жоғары заңгерлік білімі барлары ғана қабылданады. Күзет функцияларын өзге органдар немесе жеке компаниялар өз міндетіне алады», – деді Жанат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Бұқарамен жұмыс істеудің сапасын жақсарту бағытында бұдан былай ішкі істер органдарына қарасты «Фронт-кеңселер» жұмыс істемек. Бөлімшелерде жайлы жағдай жасалып, кезекші бөлімнің мамандары емес, арнайы кеңес берушілер қабылдайды.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана