Елімізде Армениядан жеткізілген көліктер саны артып келеді

19.09.2018 23:14

Армениядан жеткізілген көліктер күн өткен сайын елімізде көбейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында темір тұлпарды сатып алу оңай болғанымен, кейін біраз әуреге түсуіңіз мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені, шетелдік көлікті қайта сата алмайсыз, техникалық бақылаудан да өткізу қиынға түседі. Көлікті сатып алушылар негізінен, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында көп көрінеді. Ал Алматы қаласында жаппай сатып алу әзірге байқалмайды дейді.

«Армениядан әкелінген көлікті біраз айдауыңыз мүмкін. Бірақ бірнеше жайтты ескеру қажет. Еліміздегі тәртіп сақшылары көлікті тексергенде техникалық бақылауды талап етері сөзсіз. Ал сіз оны жыл сайын қайдан өтесіз? Ол жаққа барып-келудің өзі оңай емес. Екінші мәселе, ол көлікті мұнда сата алмайсыз. Ресейден келетін көліктер секілді сенімхат арқылы сатуға болады. Бірақ көлік алғашқы иесіне тиесілі болып қала береді», – деді сарапшы Алексей АЛЕКСЕЕВ.

Көлікті сақтандыру да ел азаматтары үшін қымбатқа түсуі ықтимал. Тартымды бағамен сатылатын Армения көліктері туралы хабарландырулар осыдан бірнеше ай бұрын шыға бастаған. Қазір түрлі сайттарда Армениядан жеткізілген 400-ге жуық көлік сатылымға қойылған.