Нығматулин мемлекеттік сатып алуды қайтадан ашық конкурспен жүргізуді ұсынды

Нығматулин мемлекеттік сатып алуды қайтадан ашық конкурспен жүргізуді ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір компанияның мемлекеттік сатып алу жүйесіне қайта-қайта қатысып, жеңе беруі алдын ала келісілген ойын іспетті. Осылай деген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жүйе жемқорлыққа толы деп, нақты көрсеткіштерді келтірді.

Мәжіліс мінберінде бүгін мемлекеттік қаржыны белгілі бір ұйымға тиісті талаптармен беру жайы талқыланды. Ал Қаржы министрі мемлекеттік сатып алудың қалай өзгеретінін айтты.  

Мәжіліс төрағасы «Мемлекеттік сатып алу заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңның алғашқы оқылымында жемқорлық фактілерін болдырмауға айрықша ден қойды. Қаржыны берушілер өзіне ыңғайлы, «жақын» немесе көңілінен шыққан компанияға таратады деді. Тіпті, бұл жүйені ақшаға сатылған футбол ойынымен теңеді. Нұрлан Нығматулин Атыраудың қалалық құрылыс бөлімін мысалға келтірді. Ондағы мамандар құрылысқа арналған 1,2 миллиард теңгені 11 компанияға бермей, 12-ші мердігерге тапсырған. Он бірінен бас тартудың басты себебін құрылысшылардың білімі жоқтығымен байланыстырған. 

«Прокуратура шенеуніктердің қара жұмысшылардан білімі туралы құжат керек емес болса да, талап еткенін анықтаған. Ақырында тек бір құрылыс компаниясы ғана барлық талапқа сай болып шыққан. Осындай құйтырқы жолдар жеткілікті. Мысалы, 2000-шы жылдарды алсақ, ол кездері бір ғана мекеме мемлекеттік сатып алуды жүргізбейтін. Ал қазір жағдай басқаша. 2016 жылы бір жерден 50 пайыз жұмыс тапсырыс жүрсе, 2017 жылы көрсеткіш 63 пайыздан артқан», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Нұрлан Нығматулин компанияларға қаржыны беруді әкімдік емес, арнайы конкурс арқылы жүргізетін тәжірибеге қайтуды ұсынды. Ал төменгі палата депутаты Жанат Жарасов мектеп, әскерилер мен аурауханадағы тамақтану жүйесін мемлекеттік сатып алу заңының аясынан шығаруды ұсынды. Оған себеп – демпинг. Қорғаныс және әлеуметтік нысандарда тамақты арзан бағаға қолдан сату оның сапасын тым төмендетіп жіберген көрінеді. Бұл мәселеге қатысты Қаржы министрі өз ойын айтты.

«Біздің ойымызша, «Мемлекеттік сатып алу» заңнамасынан оларды шығаруға болмайды. Бірақ заңнамада тәртіпті бекітетін тиісті ережелер бар. Сол ерекше тəртіп бойынша əскерилерді тамақтандыру сұрақтарын реттемек ойдамыз. Біріншіден, демпинг сұрақтарын бекітіп, шектен төмен баға бермеу қажет. Екіншіден, тамақтандыру сапасына тиісті критерийлерді нақтылауымыз керек. Сондықтан біз ерекше тəртіп бойынша жүргізілу керек дегенді қолдаймыз», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Әлихан Смайылов заңға тағы қандай өзгерістер енетінін айтты. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуға қатысқан отандық компанияларға мықтап ден қойылады. Олар үшін бір қайнар көзден берілетін қаржы бұрынғыдай шекті 100 айлық есептік көрсеткіштен 500-ге дейін артады.

Бұдан бөлек, заң жобасында барлық сатып алу шарасы орталықтандырылады. Арнайы бөлімдер облыста, қала мен аудандарда іске қосылады. Сондай-ақ, мәжілісте «Қызыл крест» комитеті ашылатыны да айтылды. ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың сөзінше, қарулы қақтығыстар, зорлық-зомбылыққа қарсы, төтенше жағдайлардың құрбандарына көмек көрсететін комитетте 3 қазақстандық қызмет етеді деп жоспарлануда.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров