Елімізде алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданды

Елімізде алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда көрсетілетін шетелдік фильмдер міндетті түрде қазақша дыбысталуы мүмкін. Бүгін Парламент сенатының жалпы отырысында депутаттар «Кинематография» туралы заңды қабылдады.

Енді отандық картиналарды халықаралық деңгейге, әлем экрандарына шығаруға мүмкіндік туады. Дәл осылай деген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заң жобасын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Бүгін отандық кино өнері үшін тарихи сәт. Еліміздің тәуелсіз жылдарында алғаш рет кинематография жөніндегі заң жобасы әзірленді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл аталған саланың дербес тынысын ашатын маңызды құжат деді. Себебі, осыған дейін отандық туындыларды өндіріп, тираждауға, прокатқа шығаруға қатысты құқықтық мәселелер реттелмей келген. Жобаны әзірлеу барысында Франция, Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Корея сияқты елдер заңнамасының оң тәжірибелері негізге алынды. Сенаттың жалпы отырысында мәлім болғаны, елімізде Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылады.

«Субъективті бағалауды болдырмау үшін киножобалар сараптамалық кеңесте және ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияда қарау арқылы іріктеуден өтеді. Ал «Қазақфильм» кино өндіруші компания ретінде өзінің негізгі қызметімен айналысып, кинофабрика ретінде жұмыс істейтін болады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Сонымен қатар, Ұлттық киноны қаржыландырудың жаңа моделін енгізу көзделіп отыр. Осыған дейін елімізде түсірілген барлық картиналар мемлекеттен немесе жекеменшік тараптардан қаржыландырылып келді. Ал заң жобасында фильмдерді қаржыландыру бойынша нақты градация қарастырылған. Мемлекет тарапынан толық көлемде бөлінетін қаржы бірінші кезекте, әлеуметтік маңызы бар фильмдерді түсіруге бағытталмақ. Бұл негізінен, тарихи картиналар, патриоттық кинолар мен оқиғалы фильмдер. Бұдан бөлек, заң жобасы аясында прокаттан қаражатты қайтару мүмкіндігі қарастырылуда.

«Ұсынылған нормаларға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар фильмдердің өндірілуіне 100 пайызға дейін қаржылық қолдау көрсеткен тұлғалар прокаттаудан түскен түсімнің 20 пайызы мөлшерінде Ұлттық киноны қолдау орталығына қайтаруы тиіс. Қалған алушылар қаржылық қолдаудың пайыздық арақатынасына сәйкес көлемде қаржыны қайтаратын болады. Ұлттық фильмдерді қолдау орталығына қайтарылған қаражаттың барлығы жаңа жобалар өндірісіне бағытталатын болады», – деді Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Заң жобасында дубляж жайы да қамтылған. Мәселен, елімізде көрсетілген 300-ге жуық шетелдік фильм прокатқа қазақ тіліндегі нұсқасыз шығып отырған. Заң аясында мәселені шешудің үш түрі ұсынылып отыр. Бұл дубляж, субтитрлеу, немесе кадрдан тыс аударма жасау.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров