Атышулы қырғыз депутаты сотта кінәсін мойындаудан бас тартты

Атышулы қырғыз депутаты сотта кінәсін мойындаудан бас тартты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, контрабандамен айналысты» деп айыпталған атышулы қырғыз депутаты Дамирбек Асылбекұлы бүгін алғаш рет сотта жауап берді.

Қырғыз парламентінің бұрынғы мүшесі сотқа әдеттегідей шырттай киініп, көтеріңкі көңіл күймен келді. Мінберге шығып, бірден кінәсын мойындаудан бас тартты. Айтуынша, ол өзімен бірге сотталып жатқандардың басын қосып, қылмыстық топ құрмаған. Тіпті, олардың көпшілігімен тек қолына кісен салынғанда бір-ақ танысқан-мыс.

Сондай-ақ, сотталушы Қырғыз Республикасы арқылы Қазақстанға жөнелтіліп отырған Қытай тауарларының барлығы заңды жолмен жіберілген деп санайды. Тіпті, әр тауардың талап етілген тиісті кедендік бажы мен салықтары төленгенін айтып ақталды.

«Қандай да бір себептермен, менің іс-әрекетімнің барлығы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі деп сараланды. Егер кәсіпкерлігім заңды болса, мен ұйымдасқан қылмыстық топты қалай басқара аламын? Қырғыз Республикасының бюджетіне барлық қажетті төлемдер мен салықтар түсті. Менің кәсіпкерлік қызметім барлық заң талаптарына сай жүзеге асырылса, ұйымдасқан қылмыстық топты құруға еш қажеттілік жоқ. Тағылған айыптардың бірімен де келіспеймін», – деді сотталушы Дамирбек АСЫЛБЕКҰЛЫ.

Алайда, «заңнан аттамадым» деп ант-су ішкен қырғыз депутатының Еуразиялық Одаққа мүше елдерге келтірген зияны орасан көрінеді. Тергеу материалдарына сай, сотталушылар 2017 жылдың желтоқсан айынын бастап, былтырғы ақпан айына дейін құны 407 млн теңгені құрайтын тауарды шекарадан заңсыз өткізіп үлгеріпті. Соның кесірінен, экономикалық одаққа мүше елдердің бюджетіне 100 млн теңгеге жуық салық түспей қалған.

Жалпы, 12 адамнан құралған топ мүшелері жалған құжат жасап, қазақ-қырғыз шекарасынан контрабандалық тауарларды өткізді деп күдікке ілініп отыр. Сонымен қатар, олар «трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысы бар» деп айыпталуда.

Естеріңізге сала кетсек, 37 жастағы қырғыз депутаты сыбайластарымен бірге өткен жылы ақпан айында елімізде жүргізілген арнайы операция кезінде қолға түкен. Арнайы шарада контрабандамен айналысқан 8 қылмыстық топ анықталып, 35 күдікті ұсталған еді.


Новости партнеров