«Айнабұлақ» ықшамауданындағы қараусыз қалған алқап саябаққа айналады

20.09.2018 23:16

Алматыда тағы бір саябақ пайда болады. Жаңа демалыс орны жыл соңына қарай «Айнабұлақ-2» ықшамауданында ашылмақ. 4 гектардан астам аумақты алып жатқан бос алқап бірнеше жылдан бері игерілмей келген. Осыны ескерген қала билігі мұнда заманауи саябақ жасауды жоспарлап отыр. Бүгін олар мамандармен мақұлданған жобаны тұрғындарға таныстырды. Ал шаң басқан алқаптың адам танымастай өзгеретінін естіген тұрғындардың пікірі қандай?  

Бұл «Айнабұлақ-2» ықшамауданындағы бірнеше жылдан бері қараусыз жатқан жер телімі. Бұрын мұнда футбол алаңы болғанымен, қазір оны ешкім де қолданбайды. Осыны ескерген Алматы әкімдігі бос жатқан жерге еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін демалатын саябақ салуды көздеп отыр. Бүгін жоба жайлы тұрғындармен ақылдасу үшін Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары кездесу өткізді. Олар халыққа аумақтың жыл соңына дейін қалай түрленетінін тәптіштеп түсіндірді.

«Жаңа жобаны көрген кезде көңілім толды. Егер дәл сондай болатын болса және ол жерді арнайы қадағалап тұратын болса, әрине, тұрғылықты жеріміздің гүлденгені жақсы болар еді. Көріп тұрсыздар ғой. Осындай ашық алаң болған. Мына жер, жаңағы мектептің бергі жағы, еш іске аспаған жай ашық алаң болған еді», – деді Зәмзәгүл БЕКБАТЫРОВА.

Саябақта қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған 3 спорт алаңы, баскетбол айнайтын үлкен алаң, жасы кіші балаларға арналған ойын алаңы болады. Сондай-ақ, 3 метрлік веложол және ит қыдыртатын бөлек орын да қарастырылып отыр. Онымен қоса, саябақтың аумағына 200-ден аса көше шамдары, арқа сүйегіші бар 150-ден аса отырғыш және 80 шақты қоқыс жәшігі орнатылады. Демалыс орнының аумағы толықтай көгалдандырылмақ.

«Саябақты көріктендіру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіледі. 29 мың шаршы метр аумақты көгалдандырамыз. 24 мың шаршы метр аумаққа жасанды газон төсесек, ал 2 мың метрден аса жерді гүлзар баққа айналдырыдамыз. Мамандар тексеру жүргізіп, 60 шақты ағаштың апатты жағдайда тұрғанын анықтады. Қалғандарына санитарлық қырқу жасалады. Олардың орнына сорты бағалы 450-ден аса ағаш отырғызамыз. Олардың қатарында қызыл қайың, магнолия сынды түрлері бар», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр СЕРГЕЕВ.

Жасыл желекті уақытылы суарып тұру үшін 14 шақырым су желісі де іске қосылмақ. Айта кетейік, саябақтың 9 мың шаршы аумағына плита төселсе, 4 мың шаршы метр жол тақтайдай тегістеледі. Осылайша, халықтың таза ауада тыныстап демалуына және спортпен айналысуына бар жағдай жасалмақ.


Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы