Минскіде өткен «Балалар Евровидениесі» ән байқауының қатысушысы Данэлия Төлешова туған үйіне оралды. Жас әнші бүгін баспасөз жиынын өткізіп, халықаралық конкурстан алған әсерімен бөлісті.
Данэлия әуелі өзіне қолдау көрсетіп, дауыс берген барша жанкүйерлеріне алғыс білдірді. Әрі конкурстың ерекшеліктері туралы кеңінен әңгімеледі. Биылғы өнер додасына жиырма елдің күміс көмей әншілері қатысқан. Десе де, кіл мықтылардың арасынан көш бастап, 6-шы орынға көтерілу Данэлияға оңайға соқпаған. Қаршадай қыз «Евровидениеде» «Өзіңе сен» композициясын қазақ және ағылшын тілінде орындап, жұртшылықты ерекше сүйсінтті. Қазылар алқасы мен көрермендер даусының қортындысы бойынша Данэлия 171 ұпайға ие болып, алтыншы орынға тұрақтаған.
«Бұл байқауға қатысып, бағымды сынағаныма өте қуаныштымын. Кішкентай күнімнен осы конкурсты теледидардан көріп, қатысуды арман еттім. Және сол арманыма жеттім. Биылғы байқауда өте мықты, талантты және тәжірибелі балалар өнер көрсетті. Олармен танысып, бір сахнада ән айтқаным маған да үлкен тәжірибе болды. Мен орындаған ән – байқаудағы ең күрделі ән болды. Соған қарамастан, өз міндетімді мүлтіксіз орындап шықтым», – деді «Junior Еurovision» байқауының қатысушысы Данэлия ТӨЛЕШОВА.
Осы ретте Данелия «таңдап алған әні сәтсіздеу» деген көрермендердің сын пікіріне жауап қатты. Жас болса да, шығармашылығына зор талғаммен қарайтын қаршадай қыз халықаралық конкурста арзанқол әрі жеңіл ән орындауға қарсы болғанын айтты. Данэлияның бұл өнерін әлемнің әр түкпірінен келген қазылар да биік бағалаған екен. Жауапты байқаудан соң елге келген жас әнші енді тынығып, сабағына ден қоймақ. Ал анасы оның жақын күндері еш байқауға қатыспайтынын айтты. Олар Данэлияның шығармашылығын ары қарай дамытумен айналыспақ. Яғни, Данэлияның табиғатына сай келетін жаңа әндер жазып, музыкалық білімін тереңдетпек.