Алматы әкімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Якабпен кездесті. Кездесу қалада өтіп жатқан «Салауатты қалалар» саммиті аясында өтті.
Жужанна Якаб Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы, жалпы Қазақстанмен ынтымақтастығы деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ, салауатты өмірді қалыптастыру мен медицинаны модернизациялаудың оң нәтижелерін атап өтті. Әсіресе велосипедшілер мен спортшылар үшін қолайлы инфрақұрылым жасау тұрғындардың денсаулығының жақсартады деді. Мәселен, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлім 25 пайызға қысқарған.
«Мемлекет басшысының жолдауында еліміздің одан ары дамуына ықпал ететін мәселелерге ерекше мән берілген. Жайлы және экологиялық қала кеңістігін, сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі сапалы білім мен денсаулық сақтау саласын қалыптастыру – біздің басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Осы орайда сапалы, жоғары дамыған медициналық қызмет көрсетудегі өзге қалалардың озық тәжірибелері бізге өте қызық», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кетейік, саммит барысында Алматы әкімі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Арнайы кездесулерде Ресей Федерациясы Вологда облысының губернаторы Олег Кувшинников және Францияның Ренн, Голландияның Утрехт қаласының басшылары қатысты.