Журналистердің жиыны. Бүгін өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өзара тәжірибе алмасты. Семинар-тренингке еліміздің төрт облысынан медианарықтың белсенді мүшелері жиналды. Ақпарат аламанында аймақтық арналар мен басылымдардың бүгінгі жай-күйі талқыланды. Республика бойынша БАҚ-тың 70 пайыздан астамы өңірлік коммуникацияға тиесілі екенін ескерген сала мамандары ақпарат алмасудың аса маңызды екенін алға тартты.
Алматыда Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысынан келген БАҚ саласының мамандары бас қосты.Семинарда журналистік этикадан бастап, ораторлық қабілетті арттыру бойынша тиімді тәсілдерді тренерлер тәптішпеп түсіндіруге тырысты. Сондай-ақ, жанжалды жағдай туған кезде мінез-құлық таныта білу мәселесі де қозғалды. Үш күнге созылатын жиынның алғашқы күнінде-ақ тіс қаққан тілшілер мен БАҚ-тың барлық қазанында қайнаған аға буынның кеңесіне құлақ түруге келгендердің қарасы көп болды. Өйткені, мұндай басқосу медиа майталмандарымен тілдестіріп қана қоймай, кәсіби журналист болуға ынталыларға мотивация берері сөзсіз дейді қатысушылар.
«Аудиторияда отырған қатысушылардың ішінде маған кеңес айтатын журналистер де бар. Өйткені, бұл саланың құдіреті де сол. Тілшілер үнемі ізденісте жүреді. Сондықтан жасқа қарамай тәжірибе алмасуымыз – заңдылық. Бүгін біз жоғары кәсіби тұрғыда сұхбат алу шеберлігін бірлесе отырып талқыладық. Адамдармен сөйлесудің психологиялық тәсілдері туралы ортақ ой бөлістік. Сондай-ақ, әр нәрсенің шегі болатынын еске сала отырып, сұхбат барысында жіберуге болмайтын қателіктерді айттық», – деді тәуелсіз журналист Сергей ПОНОМАРЕВ.
Бүгінде көрерменнің көзін көгілдір экраннан тайдыртпай, бір бағдарламаны соңына дейін қызықтыру қиын екенін жасырмайды сала мамандары. Дәл сол секілді, басылым беттеріндегі тақырыптар да қысқа әрі нұсқа қойылмаса, бір беттік ақпаратты қорытуға оқырманның зауқы соқпайды. Бастысы, қалам тербеген қауым мәселені айтып қана қоймай, оның шешу жолдарын мамандардың пікірімен ұсынуы ұтымды. Ал насихаттық мәліметтерді көптеп жариялау арқылы бұқараның әлеуметтік жағдайлардан бей-жай қалмауынан бастап, қаржылық сауаттылығын арттыруына септеседі. Бір ғана Түркістан қаласындағы медициналық паспорттың 80 пайыз дайын болуына оң әсер ету де осы БАҚ-тың еншісіне тиген еңбек.
«Семинармен ұштастырып отырған – «Цифрлы Қазақстан». Елбасының Төртінші өнеркәсіптік жаңғыруында цифрлы форматты халыққа насихаттау кеңінен, мемлекеттік қызметті электоронды түрде болуды насихаттау алға қойып жатырмыз. Біз қазіргі таңда сол насихат жұмыстарын атқарудамыз. Түркістан қаласы медицина саласындағы электронды паспорттау жағынан ең жоғары деңгейде келеміз», – деді семинарға қатысушы Айткүл ҚОҢЫРОВА.
«Мемлекеттілігімізді айқындайтын, айшықтайтын рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудың тетіктерін, ерекше тәсілдерін біз осы өңіраралық семинарға қатыса отырып, жүзеге асыру тәсілдері ғана емес, өңірлерде де тәжиірбие алмасу мақсатында да қолданып отырмыз. Жамбыл облысында екі телеарамыз бар, 10-ға жуық ақпараттық агенттігіміз бар. Негізгі, мемлекеттің үлесіндегі 15-ке жуық газет бар. Өзге де 30-ға жуық тәуелсіз газет бар», – деді Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік БЕГАЛИЕВ.
Бас қосу барысында бұқараның сандық телеарналарға қосылуы туралы да айтылды. Мысалы, 2012 жылы цифрлық арнамен қамтылған халықтың үлесі 23% болатын, 2016 жылы бұл көрсеткіш 77,5 пайызға жеткен. Ал 2017-2020 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында көрермен санын 95 пайызға жеткізу көзделген.
Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы