«Томирис» фильміне түскен актер көмекке мұқтаж

«Томирис» фильміне түскен актер көмекке мұқтаж
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Томирис» фильміне түскен жас жігіт аяғына протез салдыру үшін қайырымды жандардан көмек сұрайды.

27 жастағы Дәурен Ахметовтің елге алақан жаймасқа амалы қалмай тұр. Өйткені, жас жігіт – отбасының жалғыз асыраушысы. Қолында сырқат анасы мен кішкентай бауыры бар. Соларды бағып-қағып, он екі мүшесі сау адам сияқты өмір сүру үшін Дәуреннің аяғына заманауи протез керек екен. Бірақ жөні түзу жасанды аяқтың жоқтығынан мүгедек жан қазір жұмыс іздемек түгілі, үйінен де шыға алмай отыр.

«Бұл менің ең қымбат медальдарымның бірі. Мен оны 2013 жылы Малайзия елінің астанасында өткен Жастар паралимпиядалық ойында жеңіп алдым», – деп өткен күндерін еске алады Дәурен Ахметов.

Тағдырдың сынағына мойымаған Дәурен Ахметов қарағайға біткен қарсы бұтақ іспетті. Аяғынан айырылып, мүмкіндігі шектелсе де спортпен айналысып түрлі бәйгеде топ жарды. Тіпті, шетел асып, талай жарыстардан жеңіспен оралған. Жас жігітке маңдай термен алған әрбір медалі қымбат. Ал жуықта «Томирис» тарихи фильмінде батырдың рөлін сомдап, жаңа қырынан көрінді. Дәурен әу баста әскери академияда оқуды арман етеді. Алайда, оқыстан болған жантүршігерлік оқиға өмірін күрт өзгерткен. Айтуынша, оны осыдан 9 жыл бұрын мас күйде көлік айдаған әйел қағыпты. Бірақ келіншек жазасын өтеместен істі жылы жапқан. Соның азабын Дәурен жалғыз тартуда.

Дәрігерлер бастапқыда Дәуреннің аяғын сақтап қалу үшін бірнеше ота жасап, бір жыл бойы ем көрсетеді. Бірақ жарақаттанған тұсы қарайып, іріңдей бастайды. Кейін ақ халаттылар оның өмірін сақтап қалу үшін аяғын түбінен кесіп тастаған. Содан бері Дәурен жасанды аяқпен жүруге мәжбүр. Бірақ арзан протез мүгедек жанның кеселін еселей түскен екен. Кесілген жерін қажап, әбден жарақаттай бастаған. Соның кесірінен балдаққа таңылған жас жігіттің үйден шығып, ел қатарлы жұмыс жасауға да мұршасы болмай отыр. Ал өзі армандаған заманауи жасанды аяқты сатып алуға қалтасы көтермейді.

«Протезді алғым келеді, өйткені анамды аяғынан тұрғызғым, дәрілерін алып бергім келеді. Қазір отбасымды асырайтын мен бір өзім ғана ғой. Отбасымды асырауым керек, інім бар, оны келесі жылы мектепке дайындау керек. Балаға қарайтын бір өзі ғана болған соң, анамды да емдесем деймін, қазір оның денсаулығы нашар», – дейді Дәурен АХМЕТОВ.

Дәурен аяғынан айырылса да жоғарғы оқу орнын бітіріп, есепші мамандығын алған. Бірақ мүгедек жанды мамандығы бойынша жұмысқа алуға құлық танытқандар болмапты. Сондықтан ол жігерін жанып, массажист оқуын да бітірген екен. Қолына арнайы қағазын алған соң, ел қатарлы жұмыс істей бастайды. Бірақ ыңғайсыз протезбен жүре алмай, қазір далаға да шыға алмай отыр. Ал сырқат анасы мен кішкентай бауырын асырауға үшінші топтағы мүгедектігі үшін алатын 29 мың теңгесі мүлдем жетпейді. Оның үстіне, жалдамалы пәтерінің ақысы тағы бар.

«Кей таныстарым комиссиядан өтер кезде олардың қолына ақша бер деп ақыл-кеңестерін айтты, бірақ ол кезде қолымда беретін ақша болған жоқ. Сөйтіп, мені  үшінші топқа түсіріп тастады. Аяқтары менікіндей болып қалған кейбір жігіттер: «Қалайша сен 3-ші топтағы мүгедекке жатасың? Күлкілі ғой! Аяғың өсіп жатыр ма сонда?» деп күледі. Оның үстіне, менің аяғым тізенің жоғарғы тұсынан кесілген. Бізде 3-ші топтағы мүгедектікті тізеден төмен аяғы жоқтар алады емес пе? Ал тізеден жоғары болса 2-ші топтағы мүгедектік беріледі, егер ақша берсе, тіпті 1-ші топ деп те жазып береді екен дейді», – дейді Дәурен АХМЕТОВ.

Біреу баспаналы болуды, енді біреу көлік алуды қаласа, Дәуреннің арманы – жапондар шығарған ыңғайлы протезге қол жеткізу. Сөйтіп, қос аяғынан тұрып, ел қатарлы жұмыс істеу. Заманауи жасанды аяқ салдырту үшін оған кем дегенде, 1,5 миллион теңге қаражат қажет.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров