Алматыда сатылып жатқан ойыншықтардың басым көпшілігі талапқа сай болмай шықты

Алматыда сатылып жатқан ойыншықтардың басым көпшілігі талапқа сай болмай шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балаңызды ойыншықпен ойнатамын деп опық жеп қалмаңыз. Алматыда тексерістен өткен ойыншықтардың 73 пайызы талапқа сай болмай шықты. Көбісінің таңбасы жоқ, қайдан келгені белгісіз дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары. Балаға ойыншық таңдағанда неге мән беру керек? Зиянды қуыршақтарды қалай ажаратамыз?  

Ынтымақбай Рақымбаев немересін №5 қалалық клиникалық ауруханасына алып келді. Бұған дейін де ойыншықтан опық жеген атасы немересі енді құлағына ұсақ бөлшектерін тығып алды ма деп қауіптенеді.

«Ұлымның мұрнына шарик тығып алған ғой, соны алдырғанбыз. Енді міне, немерем құлағын сипалап ұстай береді. Құлағында бірдеме бар ма деп тексерту үшін алып келдім», – деді Ынтымақбай РАҚЫМБАЕВ.

Баласы мазасыздана берген соң бөгде зат жұтып қойды ма деген оймен ауруханаға тексертуге әкеліп отырған ата-ана көп. Әсіресе, 1 мен 6 жас аралығындағы жеткіншектер моншақтар мен майда заттарды жиі жұтып қояды дейді дәрігерлер.

Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың өзіне құлақ, мұрын және ауыз қуысындағы бөгде заттармен күніне 10-15 бала түседі екен. Олардың көбісінен ойыншықтардың бөлшектері мен қалдықтарын алып шығамыз дейді дәрігерлер.

«Ең қорқыныштысы – ойыншықтардың батарейкасы. Кішкентай ғана батарейка мұрынның шырышты қабатын зақымдап, күйдіріп жібереді. Жұтып қоятын жағдайлар да кездеседі. Болмаса жұтқыншақта, тамағында тұрып қалатын жағдайлар болып тұрады. Біз мұрынды қарап, риноскопия жасаймыз. Егер одан көрінбесе, эндоскоп аппаратымен қарап, алып тастаймыз», – деді Алматы қаласы №5 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Жұлдыз ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ.

Ал Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары базарда сапасыз ойыншық көп деп дабыл қағуда. Биыл арнайы сынама алынып, Алматыдағы Ұлттық сараптама орталығында тексерістен өткен 209 ойыншықтың 73 пайызы талапқа сай болмай шыққан.  

«Ойыншақтарда бөтен иістер болған, шындығында, иіс болмауы керек, 3-4 балл болған. Және қолдарын кесіп алатын, жан-жағы өте өткір ойыншықтар табылған. Сондай-ақ, кейбіреуінің сыртындағы таңбалауы дұрыс емес. Кейбір ойыншықтарда ешқандай таңбалау жоқ. Қай жастағы балаға арналған, оны қалай жуу керек, қалай қолдану керек, қандай өндіруші жасаған деген мәліметтер мүлдем жоқ. Кейбір ойыншықтардың бояулары қолға жұғады. Ата-аналарға айтарымыз, сондай ойыншықтардан абай болу керек», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әнел МҰСАЕВА.

Дәрігерлер кішкентай балаларға майда бөлшектері көп және қатты ойыншықтарды алмауға кеңес береді. Және сапалы қуыршақтарда артық иістің болмау керегін ескертеді.  Ең бастысы, әр ойыншықтың өз сертификаты болуы тиіс. Кез келген тұтынушының ондай сертификатты сатушыдан талап етуге құқығы бар.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров