Еліміздің үздік ұстаздарына 2,5 млн теңгеден табыс етілді

Еліміздің үздік ұстаздарына 2,5 млн теңгеден табыс етілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде үздік ұстаздар есімдері анықталды. Алпыстан аса мұғалім мемлекеттік комиссияның қарауымен жеңімпаз атанып, бірнеше миллион теңгемен қоса, арнайы төсбелгіге ие болды.

Жеті жыл қатарынан 30 мыңнан артық тәлім беруші қатысқан республикалық байқау биыл өзіндік ерекшелігімен өрбіді. 2018 жылдың ең үздік ұстаздарын атамай тұрып, республикалық байқау жайында айта кетсек, биыл комиссия қарауына 147 құжат келіп түскен. Олардың 109-ы мектепке дейінгі және орта білім мұғалімдері болса, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 маман бақ сынаған. Әлбетте, әрқайсысы аудандық және қалалық турларға қатысқан. Конкурс қорытындысы бойынша, 48 орта мектеп мұғалімі мен 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды. Солардың бірі – алматылық Әсем Дүйсенбаева.

«Білім және ғылым министрлігі тарапынан өте жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Мұғалімнің шығармашылық деңгейінің өсуіне, өзін-өзі қалыптастыруына жақсы жағдайлар жасалып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жақсы конкурстар ұйымдастырылып жатыр. Міне, соның дәлелі – «Үздік педагог – 2018» байқауы өз мәресін жетіп, Алматы қаласынан 5 үздік ұстаз осы шараға қатысып отырмыз», – деді Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің электротехника және электроника пәнінің мұғалімі Әсем ДҮЙСЕНБАЕВА.

Кіл мықтылардың арасынан үздік шыққан ұстаздар арнайы төс белгіден өзге, қаржылай сыйлыққа ие болды. Нақтырақ айтсақ, жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат, яғни 2 миллион 405 мың теңге шамасында сыйақы табысталды. Өз жұмысын ұқыпты орындап, кәсібін сүйетін мұғалімдерді анықтау республикалық комиссияға әркезде де оңай түспеген.        

«30-дан астам критерий болды. Әрбір ұстаздың білімін, бітірген оқуын, қалай жұмыс істейтінін, баланы қалай тәрбилейтінін, қандай олимпиадаға қатыстырғанын, халықаралық па, қала деңгейінде ме, соның бәріне көңіл аударылды. Ал ең бастысы, бала тәрбиелеу мен сабақ беру ісіне ұстаз адал болуы керек», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрi Эльмира СҰХАНБЕРДИЕВА.

«Ұстаздық – ұлы құрмет деген. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқорын да ұстаз өсіреді.  Өмірге ұрпақ әкелген ананы қалай құрметтессек, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздары да ардақтауға міндеттіміз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Жеті жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқауға 30 мыңнан астам мұғалім қатысқан. Оның ішінде, мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанған. 

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана




Новости партнеров