Алматыда «Алпамыс батыр» жырын мүдірмей айтқан оқушылар миллионер атанды

Алматыда «Алпамыс батыр» жырын мүдірмей айтқан оқушылар миллионер атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық екі оқушы миллионер атанды. «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи-танымдық байқауда жеңімпаз болған оқушылардың ұстаздары да шетелге тегін оқуға жолдама алды. Осыдан 5 ай бұрын қолға алынған жобаға жүзден астам оқушы қатысқан еді.

«Алпамыс батыр» жырын  жатқа  айтқан 24 оқушы қаладағы сегіз ауданнан іріктеліп алынған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан жас жыршылар жарысына қалалық әкімдік, Тілдерді дамыту, Ішкі саясат басқармалары қолдау көрсетті.

«Алпамыс батыр» жырын жаттап, мүдірмей айту ғана емес, бойға сіңіріп, бірнеше ғасыр бұрын қолданған  ескі, көне, көнерген сөздердің мағынасын терең аша білу де – балаға қойылған басты талаптың бірі. Байбөрінің қайғысымен басталып, Алпамыстың, Қарлығаштың өмірге келуімен дамитын, жас батырдың сүйген жарын іздеп, жау ішінен әкелуі, содан соң Алпамыстың Қалмақ ханы Тайшыққа қарсы жорыққа аттануы, жырдың шарықтау жеріне жеткен кезеңі саналады. Әр ауданнан жеңіп шыққан зерек оқушылар Алпамыстың өзі жоқта жеті жыл елін жұтатып отырған Ұлтанның көзін жоюымен аяқталатын оқиғаға құралған ұзақ жырдың кез келген жолын жатқа айтып, әділқазылардың талқысына түсті.    

Телефонға телмірген, компьютердегі мың түрлі атыс-шабыс ойындарынан баланың  миын ада қылудың, ұрпаққа тарихы терең ұлттық тәрбиені сіңірудің бір  жолы  – батырлар жырын жаттату. Жыр жаттау адам жанын арманға, қиялға жетелеп қана қоймай, жадын жаңартады, жүрегін тазартады дейді ұйымдастырушылар.  

«Қай елдің баласы тұлпарымен ту алады? Әлбетте, Тәуелсіз елдің баласы тұлпарымен ту алады! Елбасының бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні – ата-бабамыздан бізге талықсып, талмаусырап әрең жеткен Тәуелсіздікті баянды ету. Бүгін жеткіншектеріміз арасында өткізілген байқау да Қазақ елінің тәуелсіздігін мәңгілік етуді мақсат еткен, әріптестерімізбен ақылдаса келе өмірге келген жоба», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Халық құмарлана тыңдайтын «Алпамыс батыр» эпосының варианты көп. Күллі түркі жұртына ортақ жырдың қазаққа тән үлгісін жаттауға Алматыдан 1300-ден астам бала дайындалып, 500-дей мұғалім атсалысқан екен. Жиделі-Байсын жеріндегі  әпсаналық жырды жаттаудан бөлек, 6 мен 10 сынып аралығындағы оқушылар эссе жазудан да бақ сынасты.

«Әділқазылар сараптауы үш турдан кейін барып сарапқа салынды. Сонша баланың ішіндегі «жүзден озған жүйрігін» тек сол үшінші турдан кейін ғана әрең анықтадық. Сол үздік деген үш баланы таңдағанда, солардың айрықша даралығына, басқалардан сәл де болса артықшылығына қарап бағаладық. Әйтпесе, байқауға қатысқан 24 баланың бәрінде де ерекшелік бар», – дейді әділқазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Темірхан ТЕБЕГЕНОВ.

Эсседегі орфографиялық, стилистік және көркемдік ерекшелігін ескерген қазылар «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтқан Мырзахметова Майраны жеңімпаз деп тапты. Алдағы уақытта бұл жобаны республикалық деңгейге көтеріп, «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сынды көптеген құнды дүниелерді де насихаттау жоспарда бар дейді ұйымдастырушылар. Ал жеңімпаз балалардың ұлғатты ұстаздары алдағы күндері Англияның Оксфорд қаласына тегін оқуға аттанбақ.

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров