Алматыдан Талғарға қатынау енді оңай. Келер айдан бастап Алматыдан облыс аумағына қарай жолаушы тасымалдайтын жаңа автобустар шығады.
Қоғамдық көліктерге «Оңай» жүйесі орнатылып, жолақы қаладағыдай 80 теңге күйінде қалады. Жаңадан іске қосылатын №202 маршрут Қаскелең-Алматы бағытында жолаушы тасымалдаса, №203 автобус Талғарға қатынайды. Қала әкімдігі жаңа бағыттар үшін су жаңа 40 газель бөліп отыр. Екі ортаға қосымша қоғамдық көлік бөлуге тұрғындар тарапынан көптеп түскен өтініш себеп болыпты.
«№202 бағыт Сайран автобекетінен шығып Райымбек даңғылы арқылы «Асыл арман» тұрғын үй кешені арқылы өтіп, ары қарай «Үшқоңыр» автовокзалы және «Барыс» сауда орталығы арқылы Қаскелеңге қарай өтетін болады. Талғарға жүретін автобус Құлжа тас жолының бойымен өтіп, сол жақтағы елді-мекендердің адамдарына қызмет көрсетіп, Құлжа тас жолынан Талғарға кіретін болады», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Шыңғыс БАЙҚАДАМОВ.